Машина жасау - өңдеу өнеркәсібінің локомотиві

Отандық машина құрастырушылар 3 миллард теңгеге жуық өнім экспорттады.

Бұл өткен жылдың 9 айында тіркелген көрсеткіш. Өсім 47%. Қазақстанның машина құрастыру одағы, өткен жетістіктерін тізіп, алдағы жоспарымен бөлісті. Соңғы төрт жылда саладағы өндіріс 3 есе өскен.  Президент 2019 жылы өзінің алғашқы Жолдауында отандық өңдеу өнеркәсібін, оның ішінде машина жасауды қолдау және дамыту туралы тапсырма берді. 2023 жылы Қасым-Жомарт Тоқаев өнеркәсіптік негіз қалыптастырудағы басым міндеттерді белгіледі.

Соңғы жылдары Саран зауыты елдегі автобусқа қажеттілікті өтеп келеді.  Әрине, кейбір көлік құралдарына тапшылық әлі де бар. Бірақ отандық зауытта жиналған көліктің ел ішінде жүйткігені- жетістік.

Қарағанды облысы

Жарас Исабеков, шағын торапты құрастыру цехының шебері:

- Шағын түйін әдісі - бұл толық цикл. Яғни барлық түйіндер мен қондырғылар басынан бастап осында жиналады. Цехта 8 мыңға жуық компонент бар. Бұл - ең ыңғайлы автобустардың бірі. Көлік жолаушыларды қолайлы жағдайда тасымалдауға мүмкіндік береді.

Қостанайда автомобиль өндіретін жаңа зауыт ашылады. Сонымен қатар, үлкен көлік-логистикалық кешен салынып жатыр. Олар шағын торапты құрастырудан машина жасауға қажет автомобиль компоненттерін шығаруға көшеді. Бұл машина жасау мен өңдеу өнеркәсібін дамытуға жасалған тағы маңызды қадам. 

Мейрам Пішембаев, ҚР машина жасаушылар одағының төрағасы:

- Әлемдік экспорттың - 41%-і машина құрастыру өнімдері. АҚШ, Жапония, Оңтүстік Корея, Германия сияқты дамыған елдерде  бұл көрсеткіш 50-60% дейін жетеді. Дамудың локомотиві, ең алдымен, машина жасау, екіншісі - мұнай-химия, ал қалған барлық салалар соңғы өнім процесіне қатысады.

Біздің ел де машина жасау кешені экономиканың көшбасшы саласына айнала алады. Мысалы, 2019 жылы іске қосылған Машина жасауды дамыту жөніндегі жол картасындағы міндеттер мерзімінен бұрын орындалды. Бұл ретте өнеркәсіптік саясат туралы қабылданған заң және өнеркәсіпті дамыту қоры үлкен рөл атқарды. Өндірушілер тіпті салықтық жеңілдіктерге ие болды. Мұның бәрі 4 жыл ішінде машина жасаудағы өндіріс көлемінің 3 есе өсуіне әкелді.

Мейрам Пішембаев, ҚР машина жасаушылар одағының төрағасы:

- Қазақстан ешқашан тепловоздар шығарған емес. Бүгінгі таңда біз джнерел электрикпен, альстпен бірге электровоздар шығарамыз. Швейцариялық Тальго компаниясымен жолаушылар вагонын бірлесіп өндіруге көшеміз. Дәл сол сияқты көлік өнеркәсібінде Киа, Део, Шкода компанияларымен бірлескен жұмыс болады. Елге тракторлар, комбайндар, жабдықтарын шығаратын неміс компаниясының ауыл шаруашылық техникасын өндірушілер келді. Машина құрастыруда 37 сала бар. Оның ішінде мұнай-газ машиналарын, тау-кен, қорғаныс өнеркәсібі және т.б.

2028 жылға дейінгі машина жасау саласын дамытудың кешенді жоспары аясында өндіріс қарқыны артып келеді. Қазір жылына 3 миллиард теңгеге дейін түсім түседі. Ал алдағы уақытта бұл көрсеткішті 11 трлн теңгеге жеткізу көзделіп отыр. Бұл еңбек өнімділігі мен инвестициялардың ұлғаюына ықпал етеді. Бірақ экспорт көлемін арттыру жоспарына қол жеткізу үшін түбегейлі өзгеріс керек. Экономист Жангелді Шымшықовтың пікірінше, ЕАЭО өндірушілерінің мүмкіндіктері тең емес. Бұл отандық өндіріске кері әсерін тигізеді.

Жангелді Шымшықов, экономист:

- Одаққа мүшелікті уақытша тоқтата тұру керек. Мен Еуразиялық экономикалық одақтың заң жобаларын қабылдаған кезде барлық құжаттарды тек ресейлік ғылыми-зерттеу институттары дайындайтынын бірнеше рет айттым. Біз экономикадағы өз бағдарымызды жоғалттық. Салдарынан санкциялардың зардабын тартуымыз мүмкін. 

Ал әзірге машина құрастырушылар одағы мен салаға жауаптылар өндірушілерді заңнамалық тұрғыдан қорғауға кірісті. Қазір Парламентте отандық өндірісті шикізатпен қамтамасыз ету, жергілікті өндірушілердің өнімдерін сатып алуға міндеттеу, сондай-ақ салықтық жеңілдіктер бойынша түзетулер енгізу қарастырылып жатыр.

Авторлары: Динара Жанбатырова, Руслан Әлиев, Ботагөз Жұманова