Шымкентте нәрестелерге ең жиі қойылған есімдер тізімі жарияланды

Шымкентте дүние есігін ашқан нәрестелерге ең жиі қойылған 10 есімнің тізімі жарияланды.

Рейтингті «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы жасады. Олардың сараптауынша 2023 жылы үздік ондыққа Ясин, София, Айрис, Айым және Медина деген қыздардың есімі енген. Ал ата-аналар ұл балаларын Мұхаммед, Тауман, Мансұр, Әбубәкір және Ибраһим деп атағанды жөн көргенін айтады.

Бекеновтер әулетінде тұңғыш қыз Раянадан кейін Мұхаммед деген ұл бала дүниеге келді. Ата-анасы мағыналы есім бала болашағына тікелей әсер етеріне сенімді. Ақ жолдан адаспайтын, иманды ұрпақ болсын. Басты тілегіміз сол дейді.

Нафиса Бекенова, қала тұрғыны:

- Көбінше қазір діннен алып жатыр адамдар. Бала болашағы жақсы болсын деп. Күйеуімнің бұрыннан келе жатқан арманы еді. Ұл болса сөйтіп қоямын деп. Бұл жылы сіз айтқандай көп қойылып жатқанын біз білмедік.

Ал 29 жастағы Камила Байжан төртінші перзентіне Әмина деп ат қойыпты. Жас ана бала есімін таңдағанда мағынасына да айрықша мән беру қажет деген пікірде. 

Камила Байжан, Түлкібас ауданының тұрғыны:

- Қызыма есімді ата-апасы қойды. Осы есімді 2 жыл бұрын армандап қыз дүниеге келсе есімін Әмина қоямыз деп армандаған болатынбыз. Алланың қалауымен қыз нәсіп етті. Ол Араб тілінен аударғанда сенім деген мағынаны білдіреді. Өзіне сенімді, мықты, иманды, салихалы ұрпақтарды нәсіп етсін де ата-апасы Әмина деп қойды.

Демографиялық өсім жоғары саналатын Шымкентте былтыр 31 мыңнан астам сәби дүниеге келді. Орташа есеппен қалалық перзентхананың өзінде тәулігіне отыздан аса әйел босанады. Дәрігерлер үшін баланың есімі емес, бірінші кезекте ана мен сәбидің денсаулығы маңызды. Сондықтан биыл жүктіліктің ерте апталығындағы аналар қабылданып, оларға үшінші деңгейлі көмек көрсетіле бастады. Бұл өте төмен салмақпен туған сәбилердің өмір сүру деңгейін арттыруға мүмкіндік береді, дейді мамандар.

Перизат Әмірова, қалалық перзентхана бас дәрігерінің орынбасары:

- Біздің перзентханамызда 2022 жылы 12015 босану қабылданды. 2023 жылы 11130 босану қабылданды. Ендігі жағдайда біз 22 аптадан жоғары жүктіліктегі әйелдерге көмек көрсетеміз және солардан туған 500 граммнан жоғары балаларға көмек көрсететін боламыз.

Ал «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының өкілдері 2023 жылы ұл балаларға Әлихан, ал қыздарға Медина есімі көп таңдалғанын айтады. Сондай-ақ жиі қойылған есімдер 2022 жылмен салыстырғанда, аса үлкен өзгеріске ұшырамады,-дейді. Қыздарға қойылатын топ-10 есім сол қалпында сақталса, ұлдардың тізіміндегі ондықты түйіндеген Рамазанды Хамза деген ат алмастырған.

Мария Тұрғанбаева, "Азаматтарға арналған үкімет" КЕ АҚ филиалы директорының орынбасары:

- Жақында ғана бір қыздың есімі Әлсафи деп қойылды. Жеке өз басым мұндай атты алғаш естідім. Бұрын Аружан, Аяулым сияқты есімдер танымал болса, қазір аздап өзгеріп жатыр.

Сала мамандарының сөзінше былтыр 30 мың туу туралы куәлік онлайн рәсімделсе, қалғаны халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы берілген. Айтуларынша, ата-аналар балаға ат таңдауға келгенде сол кезеңдегі танымал фильмдер мен елге белгілі тұлғалардың есімі үлкен әсер етеді екен.

Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов