Ақтөбе облысында су басқан спорт мектебі жөнделді

Су басқан спорт мектебінің тәрбиеленушісі ел чемпионы атанды, деп хабарлайды 24KZ.

Ақтөбе облысында былтыр көктемде топан судың астында қалған дене шынықтыру-сауықтыру орталығы қайта жөнделді. Осы уақыт аралығында қобдалық жас спортшы жүзуден Қазақстан біріншілігінде топ жарды.

Қобда ауданының балалары жүзу спортымен шұғылданғанына 4 жылға таяған. Дене шынықтыру-сауықтыру орталығы ашылғалы жаттығу залдары бір босаған емес. Тек былтыр топан су басып, хауызы жарамсыз болғандықтан, 6 айға жуық Ақтөбедегі бассейндерге баруға тура келіпті. Соған қарамастан ерекше балалар арасындағы жүзуден ел біріншілігінің бас жүлдесін қобдалық Медет Тельманов иемденген.

Нұркен Тасмағамбетов, Қобда балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушысы:

- Жарысқа қатысып жүрген балаларды қаладан шығармадық. Қалаға апарып жатқызып, тумаларының үйіне жатқызып, мамыр айында Қазақстан чемпионын алдық. Сол кезде соған дейін қалада жатты. Қалада клуб бар арнайы, соған апарып, сосын мына қаланың бассейндерінде жаттығады.

Тұтқиылдан келген топан су санаулы минутта ғимаратты толықтай басып кеткен. Спорт мектебінің мамандары: «тек бірен-саран құжаттарды ғана шығарып үлгердік», - дейді. Су белуарға дейін жетіп, бірнеше күн іркіліп тұрғандықтан, күрделі жөндеу жасауға тура келген.

Ольга Жәнібекова, Қобда балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры:

- Зардап шеккен осы хауыз бассейн дейміз ғой. Бәрі суға кетті толайымен. 70 сантиметрдей іште су көтерілді. Бассейннің толайымен түбі ауысты, 400 шаршы метр. Спортзалдың толықтай «покрытиесі» ауысты. Ағаштан бізге стандартқа сай спорттық линолеум жайылды.

Қазір аудандық спорт мектебінде 500-ден астам бала жаттығады. Олардың 50-і суда жүзумен шұғылданып жүр. Бапкерлер «болашағынан үміт күттіретін өрендер аз емес», - дейді. Ауыл жастарының ендігі мақсаты – халықаралық додалардың жүлдесін жеңіп алу.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков, Айбек Даутов.