Ағаштан ою ойған шеберлер

Жетісу облысында үш атадан бері ұлттық қолөнерді дәріптеп, ұрпаққа ұлықтап келе жатқан әулет тұрады.

Ағаштан ою ойған шеберлер сан түрлі бұйым жасайды. Аядай ғана шеберханада кәсібін дөңгелетіп отырған Жұманұр Шәмет бақыттың кілтін еңбектен тапқан. 

Жұманұрдың жұмыс күні ағаш жонудан басталады. Шебер кесілген бөрененің сыртын қалыпқа келтіріп алған соң ішін ояды. Одан кейін ою-өрнегін салып ұлттық нақышта сәндеп, сырлап шығады.

Жұманұр Шәмет, қолөнер шебері:

- Мен өзім бір күнде он не жасаймын. Былай есептесеңіз 12-13 мың теңгеден болғанда бір күнде 50 мың теңге бір күнде таза табуға болады. Сонда есептегенде айлығың 700-800 мың теңге айлығын айналасында болады.

Отбасының Қытайдан атажұртқа қоныс аударғанына он жыл болды. Содан бері осы кәсіппен айналысып келеді. Негізінен келі-келсап, сандық, қымыз, шұбат құюға арналған тостағандар мен домбыра жасайды. Шәмет ақсақал өз қолынын шыққан ұлттық аспаппен күмбірлетіп күй де шертеді. 

Шәмет Қаметұлы, қолөнер шебері:

- Өзімнің үлкен әкем ағашшылықпен айналысқан адам. Қазақ үйдің уығын, керегісін жасаған, қазақ ер жасаған. Содан мен жалғастырып кеттім. Мына жерге келіп бала жалғастырып кетті. Қазақ өнерін жалғастыруда біздің кәсібіміз айшықты. Қазақтың өнерін атадан балаға жалғастыру ғой. Үзілмеуі керек.

Ұрпақ сабақтастығын сақтау үшін қолөнер шебері ұлын да осы кәсіпке баулып жүр. Одан бөлек тағы екі ауылдасын үйреткен. Енді ол мемлекеттік бағдарламаларға қатысып, ұлттық бұйымдарды шығаратын кәсіпорын ашуды жоспарлап отыр.

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосынов