Павлодар облысында құрылыс барысы қадағаланады

Павлодар облысында құрылысы ұзаққа созылған әлеуметтік маңызы жоғары нысандарды Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметі бақылауға алды, деп хабарлайды 24KZ.

Олардың қатарында Ақсу қаласының жылу қазандығы мен 9 қабатты тұрғын үй бар. Ал облыс орталығында бүтіндей бір қалашықтың құрылысы қашан аяқталатынын тап басып айту қиын.

Ақсу қаласында жылу қазандығының құрылысы 2017 жылы басталды. Бұл – еліміз Тәуелсіздік алған жылдарда жергілікті мамандардың күшімен салынған алғашқы жылу орталығы. Бірақ техникалық шарттардың өзгеруіне орай 3 мәрте жобалық-сметалық құжаттамаларға түзетулер енгізілді. Соның салдарынан құны 12 миллиард теңгеге түскен нысан әлі күнге дейін қолданысқа берілмеді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметі оны өз бақылауына алып отыр.

Рахат Бекбергенов, Ақсу қалалық құрылыс бөлімінің жетекшісі:

-  Енді 2017 жылдан құрылыс басталды, содан бергі уақытта бізде, жалпы осы уақытқа дейін 3 рет жобалық-сметалық құжаттамаға түзету енгізілді. 2018 жылы түзету енгізген себебі, біз 6 қазандықты Қазақстанда өндірілген қазандықтарға ауыстырдық. Алдын-ала есептеулер бойынша біз Ақсу қаласының 60%-тен астам бөлігін жылумен қамтамасыз етуге мына нысанның қуаттылығы жетеді.

Жаңа жылу қазандығы Ақсу ферроқорытпа зауытының балансындағы көне қазандыққа түсетін салмақты азайтады. Жаңа нысанның жобалық қуаттылығы – 180 гигакалория. Ақсуда қимылы жоқ құрылысқа айналған тағы бір нысан тұр. Ол – 9 қабатты тұрғын үй. Аяқсыз қалған жоба облыс орталығында да бар. Ол – жаңадан салынған әуежай қалашығы.

Қарлығаш Қасиетова, тілші:

- Тұрғын үй алабындағы бір үлгіде салынған бұл үйлер халыққа ипотекалық несиелеу бағдарламасы бойынша берілуі тиіс еді. Бірақ әлі ешкім қоныстанған жоқ. Қазіргі күні 37 екі қабатты үй бос тұр. Бұған да сол жобалау кезінде кеткен олқылықтар себеп болған.

Рахметолла Дайыров, Павлодар қалалық құрылыс бөлімінің сектор басшысының м.а.:

- Бастапқыда жобалау-сметалық құжаттамада 37 үйдің орнына бірнеше үйдің ғана іргетасы есептеліп кеткен. Сондықтан тұрғын үйлердің баспалдақтарын салып, санитарлық бөлмелерін жабдықтауға қаржы жетпей қалды. Бүгінгі таңда жобаға түзетулер енгізілген. Бірқатар позициялар қысқарды. Осы олқылықтар қалпына келтірілді. Ақпан айында қолданысқа беру жоспарда.

Облыстық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметі өңірдегі барлық проблемалық нысандарға мониторинг жүргізіп, құрылысты тежейтін жайттарды анықтайды. Жергілікті атқарушы билікпен бірлесіп, шешім қабылдайды.  

Дамир Хайбуллин, облыстық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметі превенция басқармасының аға офицері:

- Қалған 5 нысан бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жергілікті атқарушы органмен бірлесіп, құқықбұзушылықтарды жою жөніндегі жоспар әзірледі, онда бізде құрылыс-монтаждау жұмыстарының кестелері, көшпелі іс-шараларды жүзеге асыру жоспарлары бекітілді. Жергілікті атқарушы органмен шарттық міндеттемелерді орындамаған жағдайда мердігерді мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы ретінде танып, тұрақсыздық бойынша айып өндіріп алуға және сотқа талап арыз беру жөнінде шаралар қабылданады.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметінің араласуынан кейін Павлодар облысы бойынша құрылысы ұзаққа созылған 10 нысанның бесеуі іске қосылды. Мәселен, Баянауыл ауданында 4 бірдей ауыл ауызсумен қамтылған. Сарыарқа шағын ауданындағы 9 қабатты үйдің құрылысы аяқталып, жаңа жыл қарсаңында қолданысқа берілді. 

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев, Марат Игіліков.