20 мыңнан аса қазақ тарихи отанына оралды

Былтыр 21 325 этникалық қазақ тарихи отанына оралды.

Олардың 60 пайызы еңбекке жарамдылар. Балалар мен жасөспірімдердің үлесі 30 пайыздан асады. Ал 8 пайызы зейнеткерлер. Тәуелсіздік алған уақыттан бері 1 млннан аса ағайын атамекенге қоныс аударып, қандас статусын алған. Бұл жайлы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәлімдеді. Атажұртқа оралған қазақтардың тең жартысы - Өзбекстаннан, 20 пайызы - Қытайдан, 10 пайызы - Моңғолиядан көшіп келген. Ал қандастардың 9 пайызы Түркіменстаннан, 6 пайызы Ресейден қоныс аударған. 2 пайыз этникалық қазақ басқа мемлекеттерден тарихи отанына оралды.

Олардың 15 пайызы - жоғары білімді азаматтар. Орта деңгейлі кәсіби білікті мамандардың үлесі - 32 пайыз. Ал 8 пайыз қандастардың  арнаулы білімі жоқ. Қазір этникалық қазақтарды Ақмола, Абай, Қостанай, Павлодар, Шығыс және Солтүстік Қазақстан облыстарына қоныстандыру көзделіп отыр.

Аталған аймақтарға қоныс аударған ағайынға мемлекет тарапынан қолдау да қарастырылып жатыр. Отбасының әр  мүшесіне 240 мың теңгеден бір реттік көмек беріледі. Ал баспана жалдау мен коммуналдық қызмет шығындарына 100 мың теңге қаржы қаралған. Сонымен қатар, солтүстік өңірлерге қоныс аударғандарға тұрғын үйдің 50 пайызы мемлекет есебінен өтеледі. Немесе 4 млн теңгеге дейінгі қайтарымсыз қаржы беріледі.

2023 жылы отанға оралған қандастардың үлесі:

Өзбекстан - 50,3%

Қытай - 21,5%

Моңғолия - 10,2%

Түрікменстан - 9,2%

Ресей - 6,8%

Өзге мемлекеттер - 2%

Қандастарды мемлекет тарапынан қолдау:

1) Отбасының әр мүшесіне - 70 АЕК

2) Тұрғын үй жалдауға және коммуналдық қызмет ақысына - 15-30 АЕК

Солтүстік өңірлерде үл салу немесе сатып алу үшін

- Тұрғын үйдің 50% мемлекет есебінен өтеледі

- Немесе 4 млн теңге қайтарымсыз қаржы беріледі