Жамбыл облысында гибридті электр станциясы салынады

Жамбыл облысында 1 гигаватт жел энергиясын пайдаланатын жаңа гибридті электр станциясы салынады, деп хабарлайды 24KZ.

Ол «Мирный» жобасы аясында жүргізіледі. Ал оны Қазақстан мен Франция жүзеге асырады. Осылайша, елдер энергетика көздерін дамытып, жаһандық жылумен бірлесіп күресуді жоспарлап отыр.

Бүгін Сенаттың жалпы отырысында тиісті заң мақұлданды. Біріккен жұмыстың негізінде елдегі көмірқышқыл газ шығындыларын жылына 2 миллион тоннаға азайту көзделіп отыр. Бұдан бөлек, 250-ге жуық тұрақты және 2500 уақытша жұмыс орны ашылады деп күтіліп отыр. Арнайы жобаға шамамен 820 миллиард теңге инвестиция тартылады. Электр станциясын 2026-2027 жылдары іске қосу жоспарланған.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парлменті Сенатының төрағасы:

- Қазіргі таңда әлем елдері жаһандық жылыну мәселесіне баса мән беріп отырғаны белгілі. Біздің елімізде қоршаған ортаны сақтауға арналған нақты шаралар жүзеге асырылып жатыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев таяуда Дубайда өткен климат жөніндегі саммитте аса маңызды мәселелерді көтерді. Метан қалдықтарын азайту жөніндегі жаһандық міндеттемеге Қазақстанның қосылатынын мәлімдеді. Бүгін қаралған арнайы келісім елімізде жаңартылатын энергия саласындағы ірі жобаны іске асыруды көздейді.