Елімізде сейсмостанциялардың санын көбейту қажет

Бұл жер дүмпуін болжауға көп көмегін тигізеді.

Төтенше жағдайлар департаментінде өткен брифингте мамандар осылай деді. Қазақстанның жер аумағының жартысына жуығы сейсмикалық аймаққа жатады. Анығырақ айтқанда 40 процентінде адамға сезіле бермейтін жер сілкіністері жиі болып тұрады,-дейді Сейсмологиялық орталықтың мамандары. Ал Төтенше жағдайлар департменті болса «халықты табиғи апаттан  қорғану мәдениетіне үйрету керек. Үрей мен дүрбелең тек қана зиянын келтіреді» деген пікірде.

Алматы-сейсмикалық аймақ. Жылына 200-ге тарта жер сілкінісі болып тұрады. Оның бәрі бірдей тұрғындарға сезіле бермейді. Ал бүгін түндегі  дүмпу ошағы жер қабатына жақын, яғни 7 шақырым тереңдікте болған.    Сондықтан, Орталық Азия елдеріне соның ішінде Қазақстанда айқын білінген. Мамандар пікірі осындай.

Жансая Досымбекова, Сейсмологиялық байқау және зерттеу ұлттық ғылыми орталығының сейсмологиялық обсерватория басшысы:

- Әр адам өзіне жауапкершілік алуы керек. Сіз биік үйде тұрасыз ба көпқабатты үйде  тұрасыз ба, жер үйдің сапасы қандай? Қай жерде тұр? Қалай салынды? Ол соған байланысты. Алматы сейсмикалық қауіпті аймақ болғаннан кейін бұл жерде тұрған тұрғындардың барлығы жер сілкінісінен сақтану шараларын білуі қажет. Оның барлығы төтенше жағдай сайтында, мектептерде оқытылады. Қарапайым сақтану шараларын білуі керек.

Зілзаланың қуаты 5 балл болды. Мұндай кезде дабыл соқпайды. Бұл көлемдегі магнитуда қатты залал келтірмейді. Сирена жер сілкінісінің қуаты 5 жарым 6 балдан асатын дүмпуді сейсмостанциялар тіркеген кезде ғана іске қосылады. Мамандар түнде дабыл белгісінің берілмеу себебін осылай түсіндірді. Алматыда  843 электрсирена бар. Оған қоса түнде 11 мыңнан астам адам қауіпсіз жерде түнеп шықты. Қалада осындай жағдайда адам жиналатын 400-ге тарта орын бар.

Әнуар Юсупов, қалалық ТЖД азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы:

- Қалада азаматтық қорғанысқа қатысты шараларды жасап жатырмыз. Мәселен, 13 мыңнан астам адам мен 4 мың техника әзір. Алматыда 10 мыңға жуық көпқабатты үй бар. Сондағы  qr-коды бар металл тақтайшадан халық жиналатын пунктерді білуге болады. Қала бойынша осындай 23 мың тақтайша орнатқанбыз.

Сейсмологтар түннен  бері 100-ге тарта афтершок тіркелгенін айтты. Афтершоктар алғашқы дүмпуден әлдеқайда әлсіз болады. Сондықтан оның 5-6-сы ғана тұрғындарға сезілді. Мамандардың айтуынша, Түркияда болған табиғи апаттан кейін афтершоктар әлі тіркеліп отыр. Одан үрейленудің қажеті жоқ. Сонымен қоса, алдағы уақытта жер сілкінісінен хабар беретін «Дәрмен» бағдарламасын тағы да жетілдіру жолдары қарастырылады. Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Эдуард Кон