Ақтөбе облысында аэрация жұмыстары жүргізіліп жатыр

Ақтөбе облысында мұздың қалың болуына байланысты өзен-көлдер қолдан оттегімен байытылып жатыр.

Бұл балықтарды алты ай қыстан аман алып қалудың амалы. Аэрация жұмыстарын аймақтағы 126 су қоймасында жүргізу көзделген.

Сазды өзенінің тереңдігі шамамен бір жарым-екі метр жетеді. Қыстың қытымыр аязынан мұз күн санап қалыңдай береді. Қазір 70 сантиметрге жетіп отыр. Осының кесірінен су құрамында оттегі азайып, балықтардың тұншығып қалу қаупі жоғарылайды. 

Болат Сарбасов, «Тобыл-Торғай» облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының бас маманы:

- Норма бойынша бізде су айдындарының ішінде 4 мг/л төмен болмау керек. Бүгін 2 мг/л көрсетті. 2 мг/л ол жағдай өте төмен. Сондықтан осы балық қырылуының алдын алу үшін осындай ойықтар жасап, судың оттегісін молайту керек.

Ауа жіберу үшін әдетте мотопомпа қолданылады. Бірақ мынадай мұзбұрғының да пайдасы бар. Балықшылар жиі қармақ салатын өзен-көл суының құрамында оттегі әрдайым мол болады. Сәйкесінше су жәндіктерінің экожүйесі де қалыпты сақталып отырады.

Мұз ойылып, су тереңдігі тексерілгеннен кейін әрбір шұқырға қамыс салынады. Ауа жіберу үшін мотопомпа қолданылады. Мұндай шаралар бірінші кезекте ағыны жоқ көлдер мен шағын тоғандарда жасалып жатыр. Балық инспекциясының мамандарына волонтерлер мен өңірлік университеттің экология факультетінің студенттері қолғабыс танытты.    

Кирилл Таранов, студент:

- Көлдерді оттегімен байытумен қатар мұз бетіне шығу ережесін де үйрендік. Кез келген адам хабардар болуы керек екен. Қатерді алдын алу, оқыс оқиға бола қалған жағдайда әрекет ету әдістерін біліп жүрген абзал. Балықтарды аман алып қалу әдіс-тәсілдері болашақ мамандығыма қажет.

Ихтиологиялық мониторинг өңірдің барлық су қоймасында жүргізіледі. Су жәндіктеріне қауіп төнсе, өзен-көлдерді оттегімен байыту сең қозғалғанға дейін жалғасады. Бір күннің өзінде Сазды өзенінің арнасына 200-ден астам ойық жасалды.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков, Айбек Даутов