Үкімет отырысында су шаруашылығын дамытудың тұжырымдамасы ұсынылды

Қазақстан мен Қытай арасында трансшекаралық өзендерде су бөлу келісімі жасалмақ.

Бұл туралы Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов мәлімдеді. Ведомство басшысы Үкімет отырысында су шаруашылығын дамытудың тұжырымдамасын ұсынды. Оны Үкімет мүшелері қолдап дауыс берді. 2030 жылға дейінгі жоспарлы құжатта Өзбекстан Үкіметімен де трансшекаралық су нысандарын бірлесіп басқаратын келісімге қол қою көзделген.

Судың да сұрауы бар. Олай дейтініміз Қазақстан ағын суға келгенде көрші мемлекеттерге тәуелді. Бұл мәселенің түбі трансшекаралық өзендерге келіп тіреледі. Қазақстанның 8 су шаруашылығы бассейнінің жетеуі трансшекаралық саналады. Ал оны шешу уақыт күттірмейтін мәселе. Министрліктің ең басты міндеті де осы. Ал көршілермен арадағы келісімдер ескірген. Бұл келісімді реттеу Су ресурстары және ирригация министрлігінің тұжырымдамасына енгізілді. Қазақстан Қытай мен Өзбекстан арасында трансшекаралық өзендерде су бөлу келісімін жасамақ. Елдегі өзен суларының деңгейді де төмендеп барады.

Нұржан Нұржігітов, ҚР Су ресурстары және ирригация министрі:

- География және су қауіпсіздігі институтының деректері бойынша 1960 жылмен салыстырғанда Қазақстан аумағындағы орташа көпжылдық өзен ағыны 12,5 шаршы шақырымға азайды. Оның ішінде жалпы көлем қысқаруының 9 шаршы шақырымы немесе 72 пайызы жергілікті өзендердің үлесіне, ал трансшекаралық өзендердің үлесіне 3,5 шаршы шақырымы немесе 28 пайызы келеді.

Елде суды тиімді пайдалану мәдениеті қалыптаспай отыр. Үкімет басшысы осыны меңзеп, ысырапқа жол бермеу жағын қарастыру қажет деді. Мәселен, Орталық Қазақстан мен Астананың басты су арнасы Қаныш Сәтбаев атындағы каналда сорғы станциялары жұмысының тиімділігі небәрі - 30 пайыз. Көп жылдар бойы оларды күтіп ұстауға тиісті көңіл бөлінбей келді. Ал Үлкен Алматы каналы 40 жыл бойы жөндеу көрмеген. Түркістан, Қызылорда, Жамбыл облыстарында магистральдық және шаруашылық аралық арналардың көпшілігі тозған. Нәтижесінде судың 40 пайыз далаға кетіп жатыр.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:

- Суды тиімді пайдалану аса маңызды міндеттердің бірі. Осы ретте біз су ресурстарының тапшылығы жағдайында біраз жұмыс атқаруымыз керек. Ұсынылып отырған тұжырымдама  осы бағыттағы негізгі бағдарламалық құжат болады. Оны іске асыру су ресурстарын мониторингілеу мен болжаудың нақты жүйесін жолға қоюға ықпал етеді. Бұл жүйе су қауіпсіздігін қамтамасыз ету тұрғысынан өте қажет.

Тіршілік нәрін үндемдемесек болмайды. Ол үшін ең әуелі жер емген шаруаларға су үнемдеудің жолын көрсету қажет. Десе де бұған дейін егіншілерге суарудың сан тәсілін ұсынған. Негізінде тамшылатып суару жүйесін 312 мың гектар жерге қолдану жоспарланған. Алайда қазір тек 84 мың гектарда ғана қолданлады. Мұндай технологияларды алуға диқандардың қалтасы көтермейді. Үкімет басшысы, ол үшін егін суаруда су үнемдейтін технологияларды өзіміздің елде шығару қажеттігін айтты. Фермерлерді ынталандыру жағы да қарастырылады.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:

- Су тапшылығында және суды тұтынудың артуы кезінде, ең алдымен, су шығынын азайту мен оны ұқыпты пайдалану өте маңызды. Біз қазір фермерлерге су беру құнын субсидиялап отырмыз. Сондай-ақ су үнемдеу технологияларын сатып алуға жұмсалған шығынның 50 пайызын өтейміз. Биыл бұл межені 80 пайызға дейін көтеру жоспарлануда.

Нұржан Нұржігітов, су ресурстарын басқару жүйесін дамыту тұжырымдамасын іске асыруға екі триллион теңгеден астам қаражат қажеттігін жеткізді. Қаражат елімізде су нысандарын салу, қолданыстағыларын қайта жаңғырту және цифрландыруға жұмсалмақ. Ал биыл су қоймаларын зерттеуге 1,5 млрд теңге бөлінді.

Авторлары: Айнұр Қуатқызы, Жандос Битабаров