Бурабайда шаңғы жарысынан облыс чемпионаты өтті

Бурабайда шаңғы жарысынан облыс чемпионаты өтті

Ақмола облысында жасөспірімдер арасында шаңғы жарысынан облыс чемпионаты мәресіне жетті.

Оған техникалық және кәсіптік білім беретін оқу орындарының студенттері, мектеп оқушылары қатысты. Екі күнге созылған жарыс Бурабай ауданында өтті.

Чемпионат екі кезеңнен тұрды. Алғашқы күні қатысушылар жекелей сында  бақ сынаса, одан кейін командалық жарыста өзара үздігін анықтады. Тыңғылықты дайындықпен келген шаңғышылар биік тұғырдан көріну үшін барын салды.

Рамазан Тоғанасов, жарысқа қатысушы:

- Жарысқа дайындық өте жақсы болды. Жеңіс тұғырынан көрінуге тырысамыз, барымызды саламыз. Шаңғы спортымен айналысу үшін физикалық және моральді тұрғыда мықты болу керек. Шаңғымен айналысудың пайдасы – өзім ойымша тыныс алуды жақсартады.

Бұл спорт түрі адам денсаулығына өте пайдалы. Шаңғы бұлшық етті шынықтырып, шыдамдылыққа баулиды.

Галина Автаева, жаттықтырушы:

- Әсіресе, телефонға байланған балалар үшін өте тиімді. Қозғалыс пен таза ауада серуендеу адам ағзасын тазартады. Менің бір шәкіртім демікпемен ауыратын. Осы спорттың арқасында қазір тәуір болып қалды.

Байрақты бәсеке жыл сайын Бурабайдағы олимпиадалық даярлау орталығының базасында өтеді. Мұндағы жарыс жолы кәсіби шаңғыларға арналып жасалған. Сондықтан қатысушылар алдын ала келіп, жарыс жолымен танысып шығады. Жалпы жыл сайын чемпионаттың ауқымы кеңейіп келеді. Биыл 200-ге тарта шаңғышы жиналды.

Мейірбек Мұқатаев, облыстық туризм және дене шынықтыру орталығының басшысы:

- Қазіргі таңда мектеп пен колледждерді алатын болсақ 2 мыңға жуық ер балалар мен қыздар шаңғымен шұғылдануда. Бүған дейін саны аздау болатын. Қызығушылық бар. Мәселен, осы жердегі балалардың арасындағы 3 баламыз Канвонда өткен жастар олимпиадасына қатысып келді. Біреуі үздік 25-тікке кірді.

Абзал Балтабаев, тілші:

- Жалпы, осындай өңірлік чемпионаттар алдымен облыс құрамасын жасақтауға мүмкіндік береді. Ал іріктелген спортшылар алдағы уақытта өңір атын республикалық, халықаралық ареналарда лайықты қорғайтынына сенім мол.

Авторлары: Абзал Балтабаев, Виктор Полянный