Елімізде «EcoQolday» жүйесі іске қосылды

Бүгін елімізде «EcoQolday» автоматтандырылған жүйесі іске қосылды.

Оның жұмыс істеу ережесі Экология және табиғи ресурстар министрінің бұйрығымен бекітілді. Енді жақын арада өңірлерде сала бойынша  материалдық-техникалық жарақтандыру басталады.

Айта кетейік, бұл жүйе түрлі қалдықты жинау, тасымалдау және қайта өңдейтін кәсіпорындарды қолдауға бағытталған. Яғни, қалдықтарды басқару саласындағы бизнеске жол ашады. Ал оған жауапты «Жасыл даму» мекемесінің  әрекеттері заңмен реттеледі. Ал министр міндетін атқарушы Ерлан Нысанбаевтың айтуынша, бүгінде еліміздегі 3 мың ресми қоқыс полигонының 20 пайызы ғана талапқа сай келеді. Олқылықтың орнын толтыру мақсатында әкімдіктермен бірлесіп қажетті жұмыс жүргізіліп жатыр. Себебі, қалдықтарды басқару инфрақұрылымын дамытуға қажетті құзырет әкімдіктерге тиесілі.

Ерлан Нысанбаев, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрінің м.а:

- Атап айтқанда, жер учаскелерін беру, инфрақұрылым тарту тәсілдерін әзірлеу, экологиялық эмиссияларды пайдалану, бизнес субъектілеріне артықшылық беру, мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарттарын жасасу бойынша құзыреттері бар. Әкімдіктер коммуналдық қалдықтарды басқару бағдарламаларын әзірлеуде.