Депутаттар «Өскемен-Алматы» пойызының қатынасын қалпына келтіруге күш салып жатыр

Шығыс Қазақстан облысынан сайланған сенаторлар мен қоғам белсенділері Өскемен-Алматы бағытындағы жүрдек пойыз қатынасын қайта қалпына келтіруге күш салып жатыр.

Өйткені 2022 жылы аталған бағыт бойынша жолаушы тасымалдап келген Тальго пойызын рейстен алып тастаған еді. Соның салдарынан жол жүру уақыты ұлғайып, сәйкесінше әуе қатынасына салмақ түсті. "Алматы-Өскемен" тас жолының күрделі жөндеу жұмысына жабылуы да жолаушы тасымалына біршама кедергі келтірген. Бұл тығырықтан қалай шығуға болады?

Өскеменнен Алатау баурайындағы алып шаһар Алматыға дейін ескі пойыз 27 сағат жүреді. Еуропалықтардың Парижден Мадридке дейін 10 сағатта заулап жетіп баратынын ескерсек, еуропалықтар үшін бұл ұзақ сапар саналатыны сөзсіз. Бірақ, тиісті министрліктегілер екі жыл бұрын вагондар толмайтынын алға тартып, екі ортаға тальго жүргізуді тиімсіз деп тапқан еді. Өйткені ол пойызды күтіп ұстауға шығын көп кетеді. Ал темір жол тасымалына деген сұраныс болса күннен күнге артып келеді.

БЛИЦ

- Өйткені Өскеменнен Алматыға қатынайтын пойыздың билеті қазір шамамен 6-9 мың теңге тұрады. Ал ұшақ билетінің құны одан 3-4 есе қымбат. Ескі пойызбен уақыт жоғалтқанша, қымбат болса да ұшақпен қатынағанды жөн көреміз.

- Өскемен-Алматы бағытындағы Тальго пойызын қайтадан жүргізген жөн. Ол қарапайым тұрғындар үшін өте тиімді болғалы тұр. Сондықтан сол пойыздың қозғалысын қайтадан қалпына келтірсін.

Шығыс Қазақстан облысынан шыққан Сенат депутаттары өңірлік логистикадағы бұл түйткілді Үкімет пен тиісті министрліктерге жеткізетіндерін айтты.

Ольга Булавкина, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Осы мәселеге орай біз «Самұрық-Қазына» басшылығымен сөйлестік. Олар жобаны қайта жүзеге асыруға әзір. Бірақ ол үшін субсидия мәселесін шешіп алулары керек екен. «Өскеменнен шығатын пойыз Алматыға кейде бос барады» деген уәжді де алға тартты.

Жергілікті атқарушы билік өкілдері де бұл істен қалыс қалмайтынын, ол үшін Көлік министрлігімен келіссөз жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.

Айжан Рахымбаева, ШҚО Автомобиль жолдары және жолаушылар көлігі басқармасы басшысының орынбасары:

- Біз тальго пойызы тоқтағалы бері тасымалдаушы мен тиісті министрлікке бірнеше рет хат жаздық. Олар бұл мәселенің жақын арада қарастырылмайтынын айтып, үнемі біздің ұсынысымызды орындаудан бас тартып келді.

Өскемен-Алматы бағытындағы жүрдек пойыз қайтадан қатынай бастауы әбден мүмкін. Өйткені еліміздің Көлік министрлігінің мәлімдеуінше, алдағы 4 жылда жаңа локомотивтер сатып алу мақсатына 666 млрд теңге бөлінбекші. Сондықтан осынау мол қаражаттың игілігін Шығыс Қазақстан облысының тұрғындары да көреді деген үміт бар.

Ардақ Айбарұлы, Вячеслав Ветлугин, Дмитрий Пыхтин