Ақтаудағы балық фермасында африкалық жайын өсіріледі

Шаруалар былтыр 27 тонна өнім алған, деп хабарлайды 24KZ.

Биыл мемлекет тарапынан берілетін субсидия есебінен өнім көлемін ұлғайтуды көзделіп отыр. Оған қоса тилапия балығын да көбейту жоспары бар. Жабық сумен жабдықтау жүйесі арқылы қолға алынған жоба су мен электр энергиясын үнемдеуге мүмкіндік береді.

Африкалық жайын қараңғы әрі жылы жерде өсіріледі. Бассейндегі су температурасы 27 градустан түспеуі керек. Күніне 3 рет қоректенетін балықтың өсу қарқыны да жақсы. Алты айда 1,5 келіге дейін жетеді.

Евгений Меньшенин, балық фермасының директоры:

- Балық жабық сумен жабдықтау жүйесінде өсіріледі. Онда су механикалық тазартудан өтеді, кейін билогиялық тазартуға жіберіледі. Таза су қайта бассейнге құйылады. Осылайша, таза суды үнемдеп отырмыз. Африкалық жайынның екі тыныс алу мүшесі бар. Ол оттегімен де тыныстай алады.

Балық фермасының ашылғанына 6 жыл болды. Алғашқы шабақтар Астраханнан әкелінген. Қазір 6 адам балық өсірумен айналысады. Жақында жем сатып алу үшін мемлекеттік субсидия алды. Бүгінде балықтың қорегі Польшадан тасымалданып отыр.

Артем Бородин, балық фермасының маманы:

- Күніне 80 келідей жем кетеді. Шабақтарды да үнемі бақылап отырамыз. Жем беріп, тазалық жұмыстарын жүргіземіз. Түрлі тапсырыс түседі. Қақталған, тұздалған өнімге күнде сұраныс бар. Көбіне қатырылған филе дайындаймыз.

Мұндағы африкалық жайын жергілікті дүкендерде ғана емес, еліміздің батыс аймағына түгел жеткізіледі. Биыл мемлекеттің қолдауымен Орал қаласында жылдық қуаты 75 тоннаға жететін екінші ферманы ашу жоспарланып отыр.

Авторлары: Асланбек Шығыр, Тамара Степанова, Ренат Дусалиев.