Қызылордада мүгедектігі бар жандарды жеделсатының жағдайы алаңдатады

Қызылордада мүгедектігі бар жандар жаңадан салынған көпірлердің игілігін көре алмай отыр, деп хабарлайды 24KZ.

Өйткені авто және теміржол өткелдерінің жеделсатылары жұмыс істемейді. Әсіресе 10-нан астам шойын жол тоғысқан торап Белкөл кенті мен КБИ шағын ауданы тұрғындарының көпірден өтуі мұң болған. Жергілікті билік егде кісілер мен ерекше қамқорлықты қажет ететін жандарға кедергісіз орта қалыптастыру үшін арнайы жоба әзірлеп жатыр.

Белкөл кентінің тұрғындары теміржолдың арғы бетіне бару үшін бекетте тұрған вагондардың астынан талай рет өткен. Соның бірі – Орынбасар Смайылов. Жастау күнінде аттап-ырғып өте беретін жігіт ағасының қазір оған шамасы жоқ. Буын ауруына шалдыққалы қадам басуы қиындай түскен. Белкөлдіктердің талап-тілегі ескеріліп, өткен жылдың басында жаңа өткел салынды. Бірақ жеделсатысы әлі іске жарамсыз болып тұр.

Орынбасар Смайылов, Белкөл кентінің тұрғыны:

- Ақсаңдап баспалдақпен шығуым өте қиын. Арғы бетке мед.пунктке барамыз. Дәрі-дәрмек алуға. Тағы жұмыстар болып қалады. Сондайда өте қиын. Лифт істемейді. Неге істемейтін себебін білмейміз. Соны істетіп берсе екен бізге. Қараусыз қалғасын лифттің есік-терезесін сындырып кеткен. Оған кім жауап беретінін біз білмейміз.

Ал мынау КБИ – шағын ауданы тұрғындарының қала орталығына жаяу қатынайтын жалғыз өткелі. Көпір 2 ай бұрын ғана пайдалануға берілді. Бұның да мүгедектігі бар жандар мен қарттарға арналған жеделсатысы істемей тұр.

Нұрбек Нұрғалиев, қала тұрғыны:

- Жеделсаты орнатып қойыпты, бірақ әлі жұмыс істемей тұр ма – білмеймін. Арқалап келіп, арқалап түсіп жатырмын. Амал жоқ. Бірақ жақсы, ыңғайлы жасаған. Бір әттегенайы осы. Күнде қатынаған кезде, анау-мынау зат арқалағанда үлкен кісілерге қиын болып жатыр. Жеңіл жүрген адамдар мініп-түсе береді ғой.

Абай Нұрғалиев, қала тұрғыны:

- Жақында істеп бітірді. Оған қуандық. Жақсы нәрсеге неге қуанбасқа?! Енді оның лифтісін өткенде біреулер сындырып, біршама шатақ болды. Жас балалар ғой, үлкен кісілер емес қой. Арғы бетте қанша үлкен кісілер бар. Демалып-демалып, зорға мініп түседі. Лифтіні қосса, қанша адам батасын беріп кетеді.

Жергілікті билік өкілдері көпір жеделсатыларын жөндеп, маңына бейнебақылау камераларын орнатамыз деп отыр. Ерекше қамқорлықты қажет ететін азаматтардың еркін қозғалысына қолайлы жағдай жасау үшін арнайы карта әзірленіп жатыр.

Ғабит Жаңабаев, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және ӘБ басқармасының басшысы:

- Тек мүгедектігі бар азаматтар кіре алатындай қылып карта жасап, сондай жұмыстарды істеп жатырмыз. Қазір қала әкімдігі тарапынан шұғыл жұмыстарға кірісті. Осы ақпанның басында міндетті түрде карта таратылып, мұқтаж азаматтар ғана кіріп-шыға алатын болды.

Жалпы аймақта ерекше жандарға кедергісіз орта қалыптастыру үшін мыңнан астам нысанға бейімдеу жұмыстары жүргізіледі. Оны арнайы мониторингтік топ тексеріп отырады.

Авторлары: Қамбар Бекенов, Ақан Әлиев.