Өнерді өнеге еткен ісмер

Қызылорда облысында түкті кілем тоқитын шеберлердің бірі - Жосалы кентінде тұрады.

Бақытгүл Райымбаева қолөнердің бұл түрімен бала күнінен айналысып келеді. Ұмыт қала бастаған ұлттық өнерді 20 жылдан бері жаңғырта отырып, мүгедектігі бар балаларды оңалтуға үлес қосып жүр. Оның тәрбиелеген шәкірттері түрлі халықаралық көрмелер мен байқауларда үздік шықты.

Бақытгүл Райымбаеваның әжесі де, анасы да он саусағынан өнер тамған шебер болған. Көзін тырнап ашқалы ою қиып, өрнек салуды көріп өскен ол небәрі жеті жасында кілем тоқи бастайды. Қазір жасы жетпіске таяп қалды. Жүзден астам шәкірті бар. Арасында мүгедектігі бар жеткіншектер де осы күрделі өнерді меңгеріп алған.

Бақытгүл Райымбаева, қолөнер шебері:

- Қолдың маторикалары қозғалады, тамырлары қозғалады, ол бір. Сосын бұл кілем тоқу, кесте тоқу, ши тоқу деген адамды сабырлыққа үйретеді. Өте сабырлы болу керек, өйткені бұл инемен құдық қазғандай дүние. Үшіншіден бұл өзіміздің төл өнеріміз. Қазір кілем тоқитын адам жоқ. Мен өзімнің білгенімді өзіммен бірге алып кеткім келмейді, тегін балаларға үйретіп жатырмын.

Нұрлан Жақыпбеков, тілші:

- Ені екі, ұзындығы үш метр болатын кілем бір айдың шамасында тоқылады және оған 20 келіден астам қойдің жүнінен иірілген жіп қажет болады. Сонымен қатар әр шебердің бойында суретшілік қырымен қатар, математикаға жүйрік болған маңызды. Өйткені ою-өрнекті салу үшін нақты есеп пен дәлдік қажет.

Былтыр қолөнершілердің бірнеше республикалық байқауында Бақытгүл Райымбаеваның үйірмесіне қатысатын 13 оқушы үздік шықты. Сонымен қатар 3 шәкірті халықаралық байқаудың алтын медалін жеңіп алды.  Олардың қолынан шыққан кілемдер жайсаң төсек, ілсең суреттей сыр ақтарып тұр. Ал дизайны ауыл балаларының ой-қиялынан туады.

Құралай Серікбаева, оқушы:

- Бірінші қақпа кілем болып астын істеп аламыз. Ағашын істеп аламыз, осылай қойып аламыз. Өйткені оңай істеу үшін. Тқыған кезде алыну үшін, бөліп. Әр түсіне қарай санап, қай клеткасы керек, соның бәрін есептеп істеу керек.

Бұл үйірмеде тоқылған кілем, гобелен, басқұр мен алаша секілді бұйымдар Байқоңыр мен Қорқыт ата кесенесіне саяхаттап келген ЭКСПО көрмесінің қонақтарына да ұсынылған. Ұлттық қолөнер бұйымдарына шетелдіктер ерекше қызығып, Еуропаның біраз еліне сатылды. «Ежелгі дәстүрдің ескі үрдісін бұзбай, өміршеңдігін сақтауға талпынған шебер қазақ брендін әлемге таныту жолында тер төге беремін», - дейді.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин, Айтмұхамбет Байділдаев