Атырау - Астрахань бағытындағы жол құрылысы биыл аяқталады

Республикалық маңызы бар «Атырау - Астрахань» тас жолының құрылысы жыл аяғында толық бітеді.

277 шақырым болатын жолдың 252 шақырымы былтыр жартылай пайдалануға берілген еді. Қалған жұмыстар наурыз айында басталып, жыл соңында аяқталуға тиіс.

Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы дәл осы Атырау-Астрахань күре жолының құрылысын сынға алды. Инертті материалдардың қымбаттауы мен жүк вагондарының жетіспеушілігі салдарынан жоба уақытылы аяқталмады. Осындай кемшіліктерге жол бермес үшін, құрылыс материалдары қыс бойы тасымалданды. Қажетті 1,5 млн тонна қиыршық тастың 90 мың тоннасы Ақтөбеден жеткізілді. Әлі 21 мың вагон материал тасымалданады.

Мұрат Мықтыбаев, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ облыстық филиалы директорының орынбасары:

- Наурыз айынан бастап бізде толықтай бүкіл учаскеде құрылыс жұмыстары басталады. Бұл дегеніңіз, жоғарғы қабат асфальтын салады, кірме жолдар бояу жұмыстары, абаттандыру 2021-22 жылдары инертті материалдардың қымбаттауына байланысты жоба созылды. Қазіргі таңда корректировкадан өттік. Енді жоба бәрі осы жылы аяқталады деп жоспарлап отырмыз.

Жол құрылысын 4 мердігер мекеме жүргізіп жатыр. Оның бірі отандық, қалғандары Италия, Түркия және Әзербайжанның құрылыс компанияларымен бірлескен мекемелер. Жоба толық аяқталғанда халықаралық талаптарға сай, 2-санатты жол пайдалануға беріледі. Негізі жоба бірнеше өзгеріске ұшырады. Басында бірінші санатты жол болуы керек еді.

Нұрлан Қайырденов, облыстық мәслихат депутаты:

- 1-категориялы жол жасайтын болсақ, ол төрт жолақты болатын еді. Ол көлік қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Жүретін көліктердің нөпірін көбейтеді және ақылы болады. Бұл елдің бюджетіне және жолды күтіп ұстау шығындарын ақтауға мемлекеттің қаржысын үнемдеуге көптеген көмегін тигізетін еді.

Мемлекет басшысы республикалық маңызы бар жолдардың тендерін көп жағдайда тек шетел компаниялары ұтып алатынын айтқан еді. Ел игілігіне қызмет ететін жобаларға қолынан іс келетін, тиісті техникамен жабдықталған өз кәсіпорындарымызды тарту маңызды. Бірақ халықаралық деңгейдегі жобаларға енуге отандық жол салушы мекемелердің мүмкіндігі шектеулі.

Сырым Хамзин, "ҚазАвтоЖол" ҰК" АҚ Басқарма төрағасының орынбасары:

- Ол жерде материалды-техникалық жабдықтарына байланысты, екінші қаржылық тұрақтылығына байланысты. Осы жерде критерийлердің барлығын қаржыландыру институттары береді. Ол критерийлерге, өкінішке орай, біздің жергілікті компаниялардың күші жетпейді. Шетелдік компаниялардың алу себептері осы деп ойлаймыз.

Атырау-Астрахань автомагистриалы тек еліміз үшін ғана емес, халықаралық логистиканың дамуында ерекше маңызға ие. Облыс арқылы тәулігіне 6300-дей автокөлік өтеді екен. Оның басым бөлігі жүк көліктері. Жол құрылысы аяқталғанда Атырау арқылы өтетін жүк тасымалы 1,5-2 есеге артатын болады, дейді мамандар.

Арыстанбек Кенже, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин