Қазақ сардарлары Дубайдағы жарыста үздіктер қатарынан көрінді

Мемлекеттік күзет қызметінің сардарлары әлемнің үздік арнайы жасақтарының қатарында, деп хабарлайды 24KZ.

Олар Дубайда өткен Swat Challenge жарысында қола медальға ие болды.

Айта кету керек, арнайы жасақтардың олимпиадасына баланған додаға 41 мемлекеттен 76 команда қатысқан. Арасында АҚШ, Қытай, Түркия сынды алпауыттар да бар. Еліміздің бірінші тұлғаларының қауіпсіздігін қамтамасыз ететін жасақ жігіттері бұл сайысқа алғаш рет қатысқанымен, қарсылас шақ келтірмей, үздіктердің қатарынан көріне білді.

Ел абыройын асқақтатып, көк туымызды желбіреткен жігіттер осы. Мемлекеттік күзет қызметінің сардарлары Дубайдағы жаһандық жарыста кіл мықтылардың арасынан оқ бойы оза шапты. 5 күнге жалғасқан сайыста «Сардар» командасы 2 мәрте жүлдеге іліккен. Ал қорытынды есепте жинаған ұпайлары үшінші орынды иеленуге мүмкіндік берді.

Айдын Мұқатов, ҚР Мемлекеттік күзет қызметінің нұсқаушысы:

- Офицерді құтқару деген жаттығу болды. Ол жерде 4 арнайы шабуылшы және 1 мерген қатысты. 5 қызметкер арнайы жолақтардан өтіп, атыс ату деңгейлерін көрсетіп, мерген жаралы болып, оны белгіленген орынға әкелу керек болды. Сол жаттығуда біз екінші орын алдық.

Жаһандық жарысқа 41 мемлекеттен 76 команда қатысты. Арасында АҚШ, Қытай, Түркия сынды алпауыттардың да арнайы жасақтары бар. Құрыштай шыныққан сардар жігіттері барлығын қоғадай жапырып, өз міндеттерін мінсіз орындап шыққан. Дайындық аз болғанымен, нәтижеге көңіл толады, -  дейді команда нұсқаушылары.

Айдын Мұқатов, ҚР Мемлекеттік күзет қызметінің нұсқаушысы:

- Дубайға дайындығымыз 1 ай 20 күн болды. Аз уақыт. Бұл жерде айта кететініміз, біздің басшылар арнайы физикалық даярлыққа көп көңіл бөледі. Сондықтан дайындыққа бізде аз уақыт кеткені, енді балалар күнделікті жаттығуда жүргеннен кейін 1 ай 20 күн деген жақсы уақыт деп ойлаймын. Осы залда іріктеу өткіздік. Кедергілерді қойып, балаларды іріктедік. Кім қандай уақыт көрсетті, соларды іріктеп алдық.

Айта кету керек, Swat Challenge Dubai жарысында ел намысын 4 команда қорғаған болатын. Араларында сайысқа алғаш рет қатысқан сардар жігіттері үздік шықты. Ал жаһандық доданың алтыны мен күміс жүлделерін жарыс қожайындары, яғни Дубай полициясының 2 командасы өзара бөлісіп алды.

Авторы: Риат Шони.