Ақмола облысында 170 бас жылқы аштан қырылды

Ақмола облысының ауылдарында ауа райының күрт бұзылуы салдарынан тебіндей алмаған үйір-үйір жылқы қырылып жатыр.

Соңғы санақ бойынша мұз басқан далада жайыла алмай 170 бас жылқы арам қатқан. Шаруалар болса аман қалғандарын қалай көктемге жалғап іліктіруін уайымдап отыр.

Қонысбай ауылының тұрғындары арам өлген мал басын санап әлек. Былтыр күзде шөп ойдағыдай шықпай, жем-шөп қоры аз жиналған. Соңғы уақытта созылған ақтүтек боран сарышұнақ аязға ұласып жағдайды тіпті ауырлатып жіберді. Омбы қардың бетін қалың мұз басып тебіндей алмаған мал тегіс арам қатқан.

Бекайдар Бекенов, Қонысбай ауылының тұрғыны:

- Жағдай өте қиын. Малды ұстау, әсіресе жылқы ұстау өте қиын болып кетті. Үлкен биелер, өзін сақтап қалу үшін инстинкт самосохранения дейді, құлындарынан құтылады. Өзі тірі қалу үшін. Енді биыл төл болмайтын шығар, малдарда төл жоқ, болмайды енді. Аштық, суық.

Степногорск маңындағы ауыл тұрғындарының да жағдайы осы. Мұнда 40 бас жылқы арам өлген. Тұрғындар жабағы-тайды қорада ұстауға мәжбүр. Бірақ жем-шөп тапшы. Сатып алайын десе баға екі есеге қымбаттап кеткен.

Серік Молдыбаев, Қарабұлақ ауылының тұрғыны:

- Шөптеріміз нашар, аз. Жете ме, жоқ па, білмейміз. Жем де қымбат. Қабы 5-6 мың тұрады. Кебек 2300. Қазір жылқышылар жүгіріп жүр, бәрін жинап. Көп мал құлап жатыр.

Жергілікті билік болса облыстың 5 ауданында осындай жағдай болып жатқанын мойындайды. Оларға қолдан келгенше жем-шөп жеткізілген. Сонымен қатар мұндағы ауыл тұрғындары астық пен жем-шөп сабанды төмендетілген бағамен алады дейді.

Мұрат Баетов, Степногорск қаласы әкімінің орынбасары:

- Біз өзіміздің шаруалармен келісім жасап жатырмыз. Одан кейін Ақкөл, Атбасар аудандармен келіссөздер өткізіп жатырмыз. Қажетті шаралар қабылдап жатырмыз. Қазіргі таңда жылқы тұрған жерге шөп жеткізіліп жатыр. Бұдан басқа «Ветсервиспен» әрі қарай жұмыстар атқарылып жатыр. Соншама мал кетті деген сияқты әртүрлі ақпарат келіп тұрады. Оны бірақ белгілеу керек кімнің малы, базада бар ма, жоқ па.

Қазір жылқышылар үйірді қар аз түскен жақтарға қарай қайырып, бағып жүр. Бірақ одан нәтиже аз. Оның үстіне алдағы күндердің ауа райы болжамы да көңіл көншітпей тұр.

Дәуренбек Бағдәулетұлы, Аслан Абуталипов, Виктор Полянный