Жошы ханның сүйегі Мәскеуге жіберілген соң жоғалып кетті - тарихшы

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ мемлекетінің тамыры тым тереңде жатқанын әйгілейтін осы айтулы датаға орай кең ауқымды зерттеулер қолға алынатынын айтқан еді.

Дешті Қыпшақ даласының билеушісі атанған Жошы хан бұл күнде қазақ хандарының атасы саналады. Алайда оның өмірі, өлімі туралы нақты дерек жоқ. Тек болжам.

Жамбыл Артықбаев, тарих ғылымдарының докторы, профессор:

- Мемлекеттің тарихын, қазақ хандығының тарихын мемлекеттік тұрғыдан біз Жошымен байланыстырамыз. Өйткені біздің билеуші әулет сол Жошының кіндігінен.

Тарихта Шыңғыс ханды әлемді билеген қатыгез патша, өзіне бағынбаған елдің күл талқанын шығарған деп білеміз. Бірақ Жошы бұл тұста, бейбіт өмірді, жаулап алынған елдің ертеңін ойлаушы болған деседі. Тарихшылар  оның ел билеудегі саясаты мен біліктілігі әлі күнге дейін өзіндік тарихи бағасын ала-алмай келеді дейді.

Қанат Өскенбай, тарих ғылымдарының кандидаты:

- Біз Жошы ханның әскери, саяси қызметін айту керекпіз. Өкінішке орай  Жошы хан туралы, оның тарихи рөлі туралы көп айтылмайды. Себебі біріншіден оның әкесі Шыңғысхан атақты қолбасшы, империя құрушы адам болғаннан кейін, тарихи тұлға болғаннан кейін оның балалары әсіресе Жошы хан сол әкесінің көлеңкесінде қалды. Сондықтан оның рөлі нақты өзінің бағасын алмады.

Ұлытаудың етегінде орналасқан Жошы хан кесенесінің де беймәлім тұсы көп.

Жамбыл Артықбаев, тарихшы:

- Ұлытауда Жошы, Алаша хан сосын Домбауыл кесенелері бір жерде орналасқан үшбұрыш болып. Сол үшбұрышында біздің тарихымызға кәдімгідей тұғыр болатындай қасиеті бар. Әлкей Марғұлан зерттеді 50-60 жылдары осы Орталық Қазақстанды. Сол Жошы хан сүйегіне ұқсас сүйек шықты. Бірақ оның нақты Жошы хан екенін, басқа екенін анықтайтын антропологиялық зерттеулер болған жоқ. Бұл сүйектер Мәскеуге зерттеуге жіберілген жерінен жоғалып кетті. Әлі күнге дейін біздің қолымызға жеткен жоқ.

Ұлық Ұлыстың тарихы ел үшін аса маңызды. Сол үшін бұл күнде Жошы Ұлысын зерттеу ғылыми институты зерттеу жұмыстарымен айналысуда.

Аслан Абдулла, Жошы ұлысы институтының ғылыми қызметкері:

- Бұл Моғолстан, Хайду сосын Шағатай ұлысы сынды тарихта болған тұлғалардың зерттеу жұмыстары жүріп жатыр. Қазір біздің тарихшыларымыз мына көрші мемлекеттеріміздің араб тілінде жазылған парсы, қытай, моңғол тіліндегі ақпараттарды аудару жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Тағдыры құпияға толы Жошы ханды атақты Шыңғыс ханның тұңғышы деп қана емес, саясаткер, мемлекет негізін қалаушы тұлға ретінде таныту аса маңызды. Оның құрған ұлысы қазақ хандығының негізі екенін айғақтау қажет.

Авторлары: Зарина Кәп, Абдулхамит Бөлекбаев