Инсультті жедел анықтау маңызды

Былтыр елде 45 мың адам инсульт алған.

Жыл сайынғы көрсеткіш 3000 науқасқа артып отыр. Оның қаупі айтпаса да белгілі.

Осы себепті оқушылар да инсульт белгілерін бірден білуге машықтанып жатыр. Олар бәлкім ата-әжесінің немесе өзге де адамдардың өмірін сақтап қала алады. Бүгінге дейін осы интерактивті білім беру бағдарламасына 8 мың оқушы қатысқан.

Әлиханбөкейхан Бақыт, оқушы:

- Атасының беті қисайып қалған, екінші атасының қолы істемей қалды, атасының дауысы дұрыс сөйлемей қалды.

Әлиханбөкейхан мен оның сыныптастары инсульт жайлы біраз дүние біліп қалды. Дерттің алғашқы белгілерін жаттап алған. Науқастың жанынан табылса, бірден жедел жәрдем шақыру керектігін ұмытпайды. Бұған «Фаст супер қаһармандары» бағдарламасы сеп болды. Былтыр басталған пилоттық жоба жемісін беріп, қазір елдегі 50-ден аса білім ошағында сәтті қолданылып жатыр.

Жансая Хамит, Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығының жастар мен жасөспірімдердің денсаулығын нығайту бөлімінің бас маманы:

- 2024 жылдың қаңтар айынан бастап, еліміздің барлық өңірінен 36 мектеп жаңадан қосылды. Қазіргі уақытта бізде бесінші апта жүргізіліп жатыр. Яғни бұл білім беру бағдарламасы. Әр мұғалім өзінің сыныбына аптасына 1 реттен  сабақ жүргізіп отырады. Өзі бес апта, бес сабақтан тұрады.

Гүлжұпар Қоңыратпаева, ата-ана:

- «Фаст 103 супер қаһармандары» әсіресе бастауыш сынып оқушыларына үйретіп жатқанын мен дұрыс деп ойлаймын. Қолдаймын. Өйткені қазір біздер үлкендер өзіміз де оның белгілерін білмей жатамыз. Ал енді кішкентай немерем келгенде, соңғы уақыттарда айтып жүр, бетіме қарайды, ажарыма қарайды, не болып қалды? Үндемей қалсам, тың-тыңдайды. Осының бәрі өте жақсы жоба. 

Жобаны Ұлттық Қоғамдық денсаулық сақтау орталығы жүзеге асырады. 5-9 жас аралығындағы балаларға арналған интерактивті білім беру бағдарламасы Қазақстанда ғана емес, әлемнің 20-дан аса елінде қолға алынған. ДДҰ-ның «денсаулықты нығайтуға ықпал ететін мектептер» жобасы аясында өтеді. Мұның маңызы зор. Біздің елде де жыл сайын 40 мыңнан аса адамға ми қан айналымының бұзылуы диагнозы қойылады. Ең бастысы, инсульт белгісі пайда болғанда уақыт оздырмау керек.

Сабина Медуханова, Республикалық инсульт проблемалары жөніндегі үйлестіру орталығының басшысы:

- Тромболитикалық дәрі 4,5 сағат қана жұмыс істейді. Бұл сағатқа науқастар сыймай қалса, жедел жәрдем кеш шақырылса, біз ондай науқастарға нейрохирургтарды шақырамыз. Олар механикалық тромбо эктамия деген операцияларды жасай алады. Бірақ та бұл операцияның да уақыты бар. 6 сағаттан 24 сағатқа дейін түскен науқасқа ғана ондай операцияны жасауға болады. 

Тым кешіксе, науқас мүгедек болып қалады. Тіпті жүрегі тоқтап қалуы мүмкін. Өкінішке қарай, инсульт қатері жасамыста ғана емес, жастарда да жиілеген. Әсіресе созылмалы ауруы бар науқастар дәрілерін уақытылы ішіп, салауатты өмір салтын ұстануы маңызды. Скринингтен өтіп тұру керек. Қазір елде 81 инсульт орталығы бар. Оның 62-сінде толыққанды ем көрсетіледі. Науқастарға тромболитикалық дәрі тегін беріледі. Операция да тегін.

Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Жандос Битабаров

Сондай-ақ...