С. Жаркешов: 112 елді мекенге газ қостық

Елімізде газдандыру деңгейі 61 пайызға жетті.

100-ден астам елді мекенге газ қосылды. 215 мыңға жуық тұрғынның көгілдір отынға қолы жетті. Ішкі нарықтағы баға тұрақтылығын сақтау үшін «QazaqGaz» ұлттық компаниясы газ құнына 175 млрд тг көлемінде субсидия жасады. Ірі инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру мақсатында жоғарыда аталған акционерлік қоғам өз қаражатынан шамамен 400 млрд теңге көлемінде тікелей инвестиция құйды. Бұл туралы компанияның басқарма төрағасы Санжар Жаркешов «Бетпе-бет» бағдарламасындағы сұхбатта айтты. Сондай-ақ спикер таяуда мемлекет басшысының Қатар еліне жасаған сапары нәтижелі болғанын тілге тиек етті.

Санжар Жаркешов, «QazaqGaz» ҰК» АҚ басқарма төрағасы:

- Газ саласы үшін бұл өте маңызды сапар болды. Шамамен 11 млрд доллар құрайтын 4 жобаға біз инвестициялық келісімшартқа қол қойдық. Бұл нақты құжат, нақты инвестор, нақты жоба. Төрт жобаның біріншісі Ақтөбе - Қостанай магистральды газ құбыры. Бұл жаңа газ құбыры. Мақсаты - Қостанай облысындағы халықтың, жаңа өндіріс орындарының, зауыттардың газға қол жетуі.