81 жастағы кәріс блогері Қазақстанға алғыс білдірді

Қазақстанға мың алғыс. Бұл – оңтүстіккореялық 81 жастағы блогер әженің сөзі.

Лидия Ким әлеуметтік желілерде Таразда өткен бақытты сәттермен жиі бөлеседі. Сонымен қатар қазақ пен кәрістің ұлттық тағамдарын дайындауды үйретеді.

Оңтүстік Кореядағы меншікті тілшіміз Владислав Цой Лидия Ивановнаның үйіне қонаққа барып, ас дайындаудың қыр-сырына қанық болды.

Лидия Ким балалары мен немерелерін көру үшін Оңтүстік Кореяға алғаш 2019 жылы келді. Қазір Чхунджу қаласында тұрып жатыр. Қызы Кира өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында анасының Қазақстан мен Оңтүстік Кореядағы өмірі туралы әңгімелерін жариялады. Идея көрермендерге қатты ұнағаны сонша, парақшаға 267 мыңнан астам адам жазылды. Лидия Ким өз ойын әдемі жеткізуді біледі, өйткені ол өмір бойы Тараз қаласында бастауыш сыныптың мұғалімі қызметін атқарған. Лидия Ивановна тарихи отанында танымал блогер болғанымен, өзінің туған жерін қатты сағынады.

Лидия Ким, зейнеткер:

- Мен туған жерім Қазақстанды ұмыта алмаймын. Әлі күнге дейін қазақ әуендерін естісем – жылаймын. Көктемде көкнәр мен қызғалдақ жайқалған даланы ұмыту мүлдем мүмкін емес.

Лидия Кимнің ата-анасын он мыңдаған корейлермен бірге 1937 жылы Қиыр Шығыстан Қазақстанға жер аударған. Олар Ақтөбе облысы Бөгетсай ауылында қоныстанған. Сол жерде Лидия дүниеге келді. Оның күйеуі Роберт Ким Қазақстанға жер аударғанда небәрі 1 жаста болған. Бірақ қазақ жерінде қоныстанушыларды қалай жылы қабылдағанын ата-анасынан естіген.

Роберт Николайұлы өмір бойы дәрігер болып жұмыс істеді және «КСРО денсаулық сақтау саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Тәжірибелі маман 78 жасқа дейін Тараз қаласының ауруханасында жұмыс істеді.

Роберт Ким, зейнеткер:

- Қазақстанды сағынамыз. Біз ол жерде жақсы тұрдық. Өз үйіміз болды. Екеуміз бірге тұрғанда, балалар кеткенде сол қазақстандық бағамен зейнетақымыз бізге жеткілікті болды деп есептейміз. Жер учаскеміз болды. Мен соңғы кездері өз саяжайымда демалдым. Кореяға келгенде тілді білмейміз. Әйелім екеуміз жергілікті тұрғындарды мүлдем түсінбейміз.

Лидия Ивановна қазақ асын жақсы көреді. Дайындауды тараздық достарынан үйренген. Блогер арнайы аппаратты пайдаланып, қамыр илейді. Жабысып қалмау үшін жасалатын түрлі әдістерді біледі.

Лидия Ким түсіру тобымызды қазақ дәстүрі бойынша қарсы алды. Бай дастарқан жайып, қазақша ет, бауырсақ, сүт пен шай, тіпті қазы айналдырып қойған. Ол Қазақстан тауарларын немересі ашқан дүкеннен алады. Кетер кезде блогер бізге сарқыт салып берді. Ал қонақтарды шығарып салған соң, Лидия Ивановнаның отбасы өздері отырып шай ішті.

Авторлары: Владислав Цой, Ольга Лян.