Кәрістер Ақтөбеде стелла орнатты

Ақтөбеде қазақылықты бойына сіңірген кәріс отбасы тұрады, деп хабарлайды 24KZ.

Құдалыққа барып, салт-дәстүрді дәріптеп жүрген жанұя бүгінде көпке үлгі. Шынайы алғысының белгісі ретінде өңірдегі корейлердің қаладағы орталық саябаққа орнатқан арнайы стелласы бар.

Бұл отбасында домбыра үні жиі естіледі. Себебі отағасы Геннадий Югай бала күнінен қазақтың ұлттық аспабын жақсы меңгеріп, қазір балаларын да музыка үйірмесіне берген. Бұдан бөлек, халқымыздың салт-дәстүрін, тағам түрлерін пісіруді біледі. Кішкентайынан қазақылықты бойына сіңірген ол әлі күнге дейін ұлтымыздың дархан мінезі мен қонақжайлылығына таңғалады.

Геннадий Югай, қала тұрғыны:

- Тек қана біздің жанұямыз қазақтардың арасында тұрды. Араласып, кәдімгідей ішіне кіріп кеттік. Бәрін меңгеріп алғанбыз. Енді қазір жүк көлігім бар. Қазақстанның бүкіл жерін, ауылдарын аралап... Мысалы, Астанада отырып, «Мә, мен Өскеменде болған жоқпын», – дедім де, соған жүк алып, Өскеменді қарап келем. Қазақстанның енді түкпір-түкпіріне барып көрдім.

Бұл отбасының тарихы Хромтау ауданындағы Бөгетсай ауылымен тығыз байланысты. Өйткені Геннадийдің ата-әжесі елді мекенге 1937 жылғы қуғын-сүргінде келген. Содан бері өсіп-өніп, бірнеше ұрпақ тараған. Бірақ барлығы да қазақпен біте қайнасып тірлік етіп, болмысын таныды. Жергілікті ұлттан қыз алып, құда-жекжаты көбейді. Ал Наурыз, Айт мерекелерін тойлауды дәстүрге айналдырған.

Надежда Ким, қала тұрғыны:

- 21 күні міндетті түрде наурыз көже пісіремін. Өзім құдағайларыма апарып беремін. Бауырсақ, көже, соғымнан қалған етті сақтап қоямыз наурыз көже деп, көжеге қосамыз деп. Қазақтың ауылында жалғыз отбасы болып тұрдық. Біреуі жамандаған жоқ. Тек мақтағаны болмаса. Солай өмір сүрдік жұрттың бәрімен. 

Қазақстанға корейлер өткен ғасырдағы нәубет жылдарда мәжбүрлі түрде қоныс аударған еді. Сол кезеңде Ақтөбе облысына 1200-ден астам адам келген. Қиыр Шығыстан шаршап-шалдығып әрең жеткенде өзі де шекесі шылқып отырмаған қазақтың пана болғанына дән риза. Алғысының белгісі ретінде Ақтөбеде арнайы стелла орнатты.

Галина Ажгалиева, Облыстық Корейлер қауымдастығының шығармашылық ұжым жетекшісі:

- Бұл белгі сол қиын кезеңді мәңгі есте сақтау үшін қойылды. Облыс көлеміндегі кәрістер ілтипаты. Себебі қуғын-сүргін жылдары ұлтқа төнген қасірет аз болмады. Әр елге көшіріп жіберді. Мына стеллада корей әйелін қамқорлыққа алған қазақ әйелін көруге болады. Мұндай қамқорлық үшін алғысымыз шексіз.

Алғыс айту күніне орай қалада түрлі шаралар өтіп жатыр. Өзге этнос өкілдерінің де көптеген жоспары бар.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болатбек Молдағалиев.