Ақмола облысында туристік нысандарды қолдау көлемі артты

Ақмола облысында туристік нысандарға көрсетілетін мемлекеттік қолдау көлемі артты, деп хабарлайды 24KZ.

Соңғы екі жылда жергілікті кәсіпкерлерге 200 млн теңге шамасында субсидия бөлінген. Биыл тағы 12 жоба мақұлданды. Қомақты қаржыға бірі демалыс орнын қайта қалыпқа келтірсе, енді бірі техникалық базасын нығайтқан.

Бурабай қыста да көркем. Қар жамылған сұлу өлкенің кереметін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Былтыр мұнда 700 мыңнан астам турист саяхаттап келсе, биыл қонақтардың қатары 1 миллионға жетеді деген болжам бар. Ал туристер Бурабайды не үшін таңдайды?

Гүлшара Шүленбаева, турист:

- Бурабайды таңдағанымыз, бұл жердің ауасы кең ғой. Көлдің етегінде. Осында демалуға ұйғардық. Міне, құдағиыммен келдім. Сіздерде мынау ыстық бассейн деген бар екен ғой. Кеше содан кішкентай бала ұқсап шыққымыз келмеді.

Вера Лаптева, турист:

- Біз Теміртау қаласынан келдік. Бурабайда жыл сайын демаламыз. Демалыс орындарындағы қызмет көрсету сапасы жоғары. Балалар үшін де арнайы бағдарлама қарастырылған. 

Демалушылардың дені өзге өңірлерден. Мұнда туристер үшін арнайы демалыс бағдарламасы әзірленеді. Мәселен, мына демалыс орталығында қазір 300-ден астам адам тынығып жатыр. Бірі шаңғы теуіп сергісе, енді бірі ыстық бассейнде шомылып жүр. Былтыр бұл орталық мемлекеттік қолдауға ие болды.

Павел Безвербный, демалыс орталығының басшысы:

- Бұл бұрында балалар лагері болған. 2007 жылы біз сатып алдық. Міне, сол уақыттан бері туристер үшін тартымды орынға айналдыруға тырысып келеміз. Тек былтырдың өзінде 170 млн теңге инвестиция құйдық. Оның 10%-ін мемлекет өтеп берді. Бұл – біз үшін үлкен қолдау.

Бурабай мен Зерендідегі демалыс орындарына сұраныс жоғары. Десе де соңғы жылдары туристер Біржан сал ауданына да қызығушылық танытқан. Бірақ ондағы туризм әлі тиісті деңгейде дамымай тұр. Демалыс орындары да тым аз. 

Самат Амангелдинов, демалыс орталығының басқарушысы:

- Иә, сұраныс бар. 3 жыл істеп жатырмыз. Осы 3 жылдың ішінде 10 мыңнан астам қонақ қабылдадық. Ол Қазақстанның барлық аймақтарынан және алыс-жақын шетелден де қонақтар келген болатын. Әсіресе жаз айында көп келеді.

Субсидия алғысы келетін кәсіпкер көп. Бірақ бәрін бір мезетте қамту мүмкін емес. Сондықтан жобалар кезең-кезеңімен қарастырылады, – дейді сала мамандары. Биыл 12 жоба мақұлданып, облыс қазынасынан 105 млн теңге бөлініпті. 

Андрей Подгурский, облыстық туризм басқармасының басшысы:

- Біз бұл жұмыстың нәтижесін алдағы бір-екі жылда көреміз деген үміттемін. Яғни, өңірге келетін туристер саны артады. Қосымша жұмыс орындары ашылады. Демалыс орындары техникалық базасын нығайтып қана қоймай, қызмет көрсету сапасын арттырады. Ол үшін мемлекет тарапынан тиісті қолдау көрсетіледі.

Туристердің басым бөлігі аймаққа жаз айларында келеді. Сол себепті қазір демалыс орындары қысқы науқанды аяқтап, алдағы маусымға дайындықты бастайды.

Айта кету керек, былтыр өңірдегі туристік нысандарда 1 миллионға жуық адам демалды. Мамандар: «биыл олардың саны өсе түседі», – деп болжап отыр. 

Авторлары: Абзал Балтабаев, Евгений Шинкоренка.