Ақмола облысында өзен-көлдер оттегімен байытылды

Ақмола облысында балық инспекциясы жергілікті әкімдікпен бірлесіп, су айдындарын оттегімен байыту жұмыстарын жүргізді, деп хабарлайды 24KZ.

Шараға әуесқой балықшылар да атсалысты.

Облыс аумағында 800-ге жуық өзен-көл бар. Оның 615-і балық шаруашылығы үшін маңызы бар көлдер. Бүгінге дейін мамандар 50-ден аса су қоймасын оттегімен қамтып үлгеріпті.

Дильназ Тұрғазыева, тілші:

- Мұз астындағы тіршілікті қамтамасыз ету үшін жасалатын жұмыстардың бірі – суға оттегі жіберу. Балықтар қалыпты өмір сүру үшін оттегі мөлшері 2 бірліктен кем болмауы шарт. Қазіргі таңда 615 балық шаруашылығы субъектісінде 434 су айдыны бекітілген.

Аэрация қараусыз қалған су айдындарына жасалады. Бүгінгі таңда облыс бойынша 181 су қоймасы иесіз, яғни ешкімге бекітілмеген. Ауа өткізу үшін мамандар мұзды бірнеше жерден теседі.

Нығмет Қауашев, Есіл облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының басшысы:

- Бекітілмеген су айдындарында осындай жұмыстарды жергілікті атқарушы органдармен өткізу керек. 4 мотопомпа жұмыс жасап жатыр. 200-ге жуық ойықтар жасалып, оған қамыс бумалары салынды.

Алдын алу шарасына 20-дан астам әуесқой балықшы қатысты. Балықтарды алты ай қыстан аман алып қалуға атсалысқан еріктінің бірі – Бақытбек Мұратов.

Бақытбек Мұратов, балықшы:

- Мен – балықшылардан құралған топтың өкілімін. Біздің команда өзен-көлдердің жағаларын қоқыстан тазарту, абаттандыру сынды шараларға үнемі қатысады. Басты мақсатымыз – өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге көрсету. Бүгін балықтарды оттегімен қамту жұмыстарына үлесімізді қосуға келдік.

Есіл өзенінің тереңдігі – 2,5 метр. Мұздың қалыңдығы 1 метрге жуықтапты. Бұл жұмыстар күн жылып, мұз ерігенге дейін жалғасады.

Авторлары: Дильназ Тұрғазыева, Асхат Серікұлы.