Түркістандық оқушылар жаңа құрылғы ойлап тапты

Түркістандық оқушылар газ бен түтіннен уланудан сақтандыратын құрылғы ойлап тапты.

Ленгір қаласындағы №1 мектеп-гимназияның 7-сынып оқушылары Ерсат Әнуар мен Әлғани Сералының жобасы оқушылардың зерттеу жобаларына арналған республикалық «Зерде» байқауының облыстық кезеңінде жеңіске жетті. 

Әнуар мен Сералы сыныптас. Екеуі де талапты, жаңалыққа жаны құмар. Жас өнертапқыштар қазіргі кезде түтіннен улану оқиғалары көбейіп кеткенін айтады. Сондықтан қайғылы жағдайды болдырмау мақсатында ардуино уно микроконтроллерін ЖСН модуліне жалғап, оны 2 ампер тоқпен қоректендірген. «Одан кейін ЖСН модульне газ сезгіш MQ-2 датчигін жалғадық»,- дейді.

Әнуар Ерсат, оқушы:

- Бұл құрылғыны жасап болған соң, біз 3,7 вольттық батарейкаларды алып қосамыз. MQ-2 газ сезгіш дачигі қызғанда шықылдаған дыбыс естіледі. Сети деген бұл бізде құрылғы іске қосылды деген сөз. Енді от тұтандырғышты алып, MQ-2 газ сезгіш дачигіне қосып көрейік.

Үйдегі газ жүйелерінен ақау немесе түтін шыққан жағдайда құрылғы бірден іске қосылып, дабыл қағады.

Сералы Әлғани, оқушы:

- Бұл құрылғыға үй иесінің нөмірі тіркелген. Егер үйінде газ шыққанда немесе түтін шыққан жағдайда осы газ сезгіш дачигі арқылы үй иесіне СМС хабарландыру келеді. Және ол үйінде не болып жатқанын біліп, әрекет жасайды.

Шәкірттерінің талабын байқаған информатика пәнінің мұғалімі Салтанат Ұятбаева құрылғыны барынша дамытуға көмектесіпті. Жаңа құрылғы төтенше жағдай мамандарының да қызығушылығын тудырып отыр.

Салтанат Тұрсынбайқызы, №1 мектеп-гимназиясы информатика пәнінің мұғалімі:

- Біз бұл құрылғыны Түркістандағы ТЖД бастығының орынбасары Төреқұлов Бекболат мырзаға көрсеттік. Ол бізді Көкшетау қаласындағы ТЖД-нің ғылыми орталығына апарып, көрсетіп келуімізді сұрады. Алдағы уақытта біз республикалық кезеңде осы жобамызды қорғап келеміз.

Қазір цифрлық технологияның заманы. Сондықтан жоба авторлары газдың сыртқа шығуын анықтап, адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде бұл құрылғының пайдасы зор екенін айтады. Жас өнертапқыштар енді өз жобаларын «Зерде» байқауының республикалық кезеңінде қорғайды. 

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Қуаныш Әбуов