ШҚО-дағы «Зайсан зілзаласы» халықтың жадында

Алматыдағы жер сілкінісінен соң Шығыс Қазақстан облысындағы құтқарушылар сақтық шараларын күшейтті.

Барлық ұжым мен мекемелерге қауіпсіздік ережелерін таратып, әлеуметтік желі арқылы насихат жұмысын жандандырды. «Өлке сейсмикалық қауіпті аймақта жатқанмен, жағдай тұрақты. Дегенмен салғырттыққа бой алдыруға болмайды», - дейді мамандар. Облыста осыдан 34 жыл бұрын болған жойқын тербеліс әлі ел есінде. «Зайсан зілзаласы» деген атпен тарихта қалған ол оқиғаны жергілікті тұрғындар ұмытқан жоқ.

Эльмира Ахметова, тілші:

- «Зайсан зілзаласының» эпицентрі осы елді мекенде болған. Көз көрген куәгерлердің айтуынша бірнеше минутқа созылған тербеліс сол кезде Рожков деп аталған ауылды әп-сәтте тып-типыл етіпті. Үй жанында қаперсіз ойнап отырған 2-3 жас шамасындағы бала құлаған қабырға астында қалып, көз жұмды. Содан бері ауыл сол баланың атымен Біржан ауылы деп аталып кетті.

Зілзала болғаннан бері 34 жыл өтсе де, ол сәт елдің жадында жатталып қалды. 62 жастағы Әлия Доспаева да ол күндерді әлі ұмытпаған. «Қатты гүріл, түсініксіз шу бәрі есімде» дейді. Айтуынша осы өзі көрсетіп тұрған жердің бәрінде қаз-қатар үй тұрған.1990 жылдың 14 маусымында бейқам отырған ауыл аяқ асты азан-қазан болады.

Әлия Доспаева, зейнеткер:

- Тракторлар болады ғой ДТ тракторлар, шынжыр табанды сондай бір дауыс шықты негізі. Ешқайсымыз үйге кіре алғамыз жоқ, бүкіл үлкен үйдің бәрі бұзылып біз кигіз үйде отырдық, ақырындап-ақырындап клет дейміз ғой времянка соны жөндеп соған кірдік. Сол времянкаға кірген кезде әбден жөнделіп, қайта бір толқын болды.

Зілзаланың зардабы тек Біржан ауылына ғана емес, көршілес Марқакөл мен Тарбағатайды да шарпыды. Жалпы 9 мыңға жуық үй қирады. Өйткені дүмпу күші 7-8 балға жеткен еді.Әйтуір ел жұмыла кірісіп баспанасыз қалған тұрғындарға көмек көрсетті. Сөйтіп ескі Біржан ауылының іргесінен жаңа ауыл бой көтерді.

Сейсмокарта мәліметі бойынша Зайсанда 8 балға дейінгі жер сілкінісі қауіпі бар. Демек құрылыста осы талап ескерілу керек. Сондықтан қазір салынып жатқан әр үйдің төзімділігіне ерекше мән беріледі.

Дәурен Дуанбаев, құрылыс компаниясының өкілі:

- Әр 3 метр сайын колонна жіберіп, үстінен сейсмопоясын тартып,арматурамен тоқып істеп жатырмыз. Осыны істедік. Ең бірінші ол жер сілкінісіне өте мықты өте тұрақты боп есептелінеді.

«Құрылыс талаптарымен қатар сейсможаттығулардың да маңызы зор», - дейді мамандар. Облыс бойынша жыл басынан бері 780 рет жаттығу өткізіліпті. Жалпы өлкеде соңғы он жылда 2-6 балдық 23 тербеліс тіркелген. Авторлары: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов