Сегіз жасында қасқыр алған Айшолпан

Қазақтың қанына сіңген құсбегілік өнері бабадан келген асыл мұра.

Осындай қиын да қасиетті өнерге бойлап, түз тағысын баптап жүрген Айшолпан деген қыз бар.

Жастайынан ат жалында ойнап, 8 жасында қасқыр алған өжет қыз құсбегілікті өмірінің бөлшегіндей көреді.

Көк тағысы қыранды қолға үйретіп, жер тағысы түлкімен ойнату екінің бірінің қолынан келе бермес. Солардың бірі өр мінезді тәкаппар құсты өзіне бағындырып, жанына серік еткен Айшолпан Нұрғайыпқызы. Өзінің алғашқы балапан бүркітін 18 метр қиядан түсіп алған. Одан кейін өзі баптады, үйретті. Қазір алғыр құс иесін жүрісінен ақ таниды. 

Айшолпан Нұрғайыпқызы, бүркітші:

- Бүркіт енді кез-келген жерге туа бермейді. Өте қиын шыңдарда туады. Біздің жайлауда сол кезде әкем бүркіттің балапанын көріп жүреді. Біз соны алу үшін бардық. Өйткені өте қиын. Енді әр ана өзінің баласын қорғайды ғой.

Балапанды таңертең ерте не түс ауа анасы жем іздеп кеткенде алады. Ешкім көзі түсе бермес қияға ғана ұя салатын бүркіттің балапанын алу оңай емес. Әуелі жүрек, одан кейін білектің күші керек.

Айшолпан Нұрғайыпқызы, бүркітші:

- Балапанды алу үшін бізге өте қиын болды. Менің беліме әкем екі арқан байладаы да түсіріп жіберді. Содан мен бардым. Барғаннан кейін екі балапан болды. Біреуі ұябасар балапан ана балапан болды, екіншісі сарышел деп атадық. Ол еркек балапан болды. Алу кезі өте қиын болды. Өйткені ол ұстатпады. Қашты. Содан кейін мен оны одеялға орап алу арқылы ол балапанды алдым. 

Бүркіт бабына келгенде қасқыр алады, қаршыға бабына келгенде түлкі алады дейді қазақ. 8 жасында құс салып, қасқыр алған Айшолпанның бүркітші болуына қарсы болғандар да бар. 

Айшолпан Нұрғайыпқызы, бүркітші:

- Шырғаға шақырғанда қоянның не түлкінің терісін тартады. Сол арқылы бағалайды. Менікі 6 секундта келді. Мен рекорд жаңарттым. Бірақ ол кезде әкемнің достары шыны керек өте қарсы болды. Өйткені қыз бала үйде отыру керек. Нағыз қиын кезі қыста болды. Ол кісілер атқа шауып, ойлы қырлы қарларға кіріп, сол кезде менің бүркітім қасқыр ұстап, түлкі ұстап нағыз бүркітші қыз екенімді дәлелдедім.

Құс бабында болса, қиядағыны шалып, көзіне іліккенді жібермейді. Бүркіттің қос шеңгеліне түскен қоңыр аңда, жыртқыштың да босап шығуы екіталай. Ал қаршадайынан тау кезіп, құс салған қыз қазір қалада оқып жүр. Бірақ жүрегі даланы аңсап тұрады.

Зарина Кәп, Алмас Сәдуақас