Атыраудағы құрылтайда өңірдің маңызды мәселелері ұмыт қалмайды

Атырауда өтетін ұлттық құрылтайда өңірге қатысты маңызды мәселелер ұмыт қалмайды.

Әсіресе шекарада орналасқан ауылдардың әлеуметтік жағдайы жіті зерделенеді. Мәселен, Батыс Қазақстан облысы Ресейдің 5 бірдей өңірімен шектеседі. Екі ел арасында алыс-беріс беки түсіп, барыс-келісте кедергі болмауы қос тарап үшін де тиімді. Сондықтан құрылтай шеңберінде шекара шебіндегі ауыл тұрғындарының татымды ой-пікірі ортаға салынуы заңды болмақ. Сондай-ақ ұлттық өнерді жас ұрпақтың санасына сіңіру, ауылдық жерлерде айтыс пен жыраулық мектептерді жандандыру секілді мәдени саладағы маңызды мәселелер де талқыға түседі, дейді сарапшылар.   

Бауыржан Ғұбайдуллин, "Орал өңірі" газетінің бас редакторы /Орал/:

- Ресеймен шекаралас ауылдардың тұрғындары радиохабар мен отандық телеөнімдерге мұқтаж. Сонымен қатар шекараға жақындаған сайын әлеуметтік желі отандық әлеуметтік желінің қауқары азаяды да ресейлік әлеужелінің күші көбейе бастайды. Ұялы байланыс жөнінде де соны айтуға болады. Бұл дегеніміз идеологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін факторлар ғой, осындай мәселелер бар.

Біржан Байтуов, айтыскер ақын:

- Өткен жылы мемлекет басшысы өзінің жолдауында балаларды шығармашылыққа баулу, спортқа баулу, олардың бос уақытын тиімді өткізуіне мемлекет бар жағдай жасасын деп тапсырма берді. Облыс орталығында біздің ұлттық өнерімізді насихаттайтын және соны балаларға үйрететін бір мектептен болуға тиіс. Бұл мемлекет үшін әсіресе біздің жас ұрпағымыз ертең мемлекеттің тірегі солар ғой, жас ұрпағымыз үшін өте үлкен пайдалы, сауабы мол жұмыс болар еді деген ойдамын.