«Хабар» арнасы Алматыдағы Наурыз мерекесін тікелей эфирде көрсетті

Наурыз Live.

«Хабар» арнасы Алматыдағы наурыз мерекесін тікелей эфирде қалың көрерменге көрсетті. Тағылымға толы 5 сағаттық телемарафон өткізді. Тек Алматының өзінде марафонды эфирге шығару үшін 50-ге жуық маман атсалысты. Шара барысында көпшілікті танымал тұлғалар құттықтады. Өнер иелері ән мен биден шашу шашты. Астана алаңына қойылған студияға келген зиялы қауым ұлттық салт-дәстүріміздің мән-мағынасын түсіндіріп, салмақты ой айтты. Оған қоса көрермендер «Хабар» құттықтайды» челленджіне қатысып, жақындарына тосынсый жасады.

Бүгін бүкіл ауыл-аймақ елімізде Әз Наурыздың қалай тойланып жатқанын «Хабардан» көрді. Телемарафон сағат он бірден төртке дейін жалғасты. Іс-шаралар түгелдей тікелей эфирде көрсетілді. Тілшілер ақпарат таратып, әрбір өңірдің мерекені қалай атап өтіп жатқандығын баяндады. Наурызға арналған басты концерттік бағдарлама, ұлттық ойындар, сүбелі сұхбат ешкімді бей-жай қалдырмады.

Жанна Орынбасарова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:

- Телемарафон өте жақсы өтті деп ойлаймын. Телемарафон өткізіп, бүкіл зиялы қауымды сол марафонға шақырып, Хабар арнасына менің ойымша өте тамаша идея деп ойлаймын. Бұл Наурыз мерекесі ең маңызды мереке деп ойлаймын. Жаңа жыл кәдімгі табиғи жаңа жыл. Сондықтан біз үшін өте қуанышты.

«Хабар» құттықтайды. Марафонда осындай тақырыппен челлендж ұйымдастырылды. Хабарламалар теледидарда белгіленген QR код арқылы келіп түсті. Студия қонақтары дорбадан номерленген асықты алып, сол номерге келген хаттағы қуаныш иесін туған күнімен немесе туысқандарын мерекесімен құттықтады.

Қаламқас Андасбекова, «Хабар» телеарнасының  продюсері:

- Біздің студиямызға түрлі өнер өкілдері эфирге келіп және де біздің ең керемет челленджімізге атсалысып, қаншама адамды бүгін қуантты. Біз сіздер үшін бәрін жасадық. Тіпті мына нөсерге қарамастан бір сағат бойы сыртта сіздерге тікелей байланыс жасап, әрітестеріміз Әмір, Айнұр тікелей қосылымға қосылып сонымен қатар қазақтың ұлттық ойындарын көрсетіп, сол атмосфераны сіздерге бере алды деген ойдамын.

Алаң төріне құрылған студияға ақын Ұлықбек Есдәулет, халық артисі Алтынбек Қоразбаев келіп бір кездері тиым салынған наурыз тойының халықпен қалай қайта қауышқанын айтып берді. Этнограф Болат Бопай мерекенің тарихы, мәні мен мағынасын баяндады. Сыйлы қонақтардың қатарында жазушы Сәуле Досжан да болды.

Сәуле Досжан, жазушы:

- Мұндай нәрселер халықтың рухын көтереді ғой. Асқар Жұмаділдаев келіп жатыр. Нағима Есқалиева келіп жатыр. Халықтың көзінде жүрген адамдар келіп наурыз туралы , түркі әлеміне қасиетті күн , нұр жауға сол туралы айтып жатыр. Асық таңдап едік 2896 деген шықты бізге. Цифр солай болып қалды. Мен айттым Біз қазақ елі 2896 жылы да біздің ұрпақтарымыз өстіп наурызды қарсы алып, біздер құсап қарсы алып тұрсын деген ниет айттық.

Телемарафон тек сұхбатпен шектелген жоқ. Көрермендер Астана алаңындағы «Наурыз-береке бастауы» мерекелік концертін Хабар телеарнасынан тамашалай алды. 

Алматылықтар мен қала қонақтарын күллі халық сүйіп тыңдайтын Қазақстанның Халық артисі Димаш Құдайберген де құттықтап, ән салды.

Ия, алматылықтар мен қала қонақтары Наурыз думанды асыға күтеді. Мерекелік конертті көруге жаңбыр да кедергі болған жоқ.

Қарлығаш Қайыпбекова, Валентин Лобанов