Көкбай ауылының тұрғыны ет сүрлеудің ерекше әдісін біледі

Абай ауданының Көкбай ауылының тұрғыны ет сүрлеудің ерекше әділ-тәсілдерін біледі, деп хабарлайды 24KZ.

Ет сақтауға арналған арнайы шошаласы да бар. Жарқын Жәукен, бұдан бөлек, өрме өнерін де жетік меңгерген. Таспа тілуді ауыл балаларына үйретеді.

Азамат Қасым, тілші:

- Жарқын Тұрсынғалиұлы етті екі әдіспен сүрлейді. Бірі, мынадай кептіру арқылы. Ал екіншісі, ыстау арқылы. Етті бабына келтіре сүрлеу үшін өз қолымен мынадай шошала салған.

Шошалада негізінен ысталған ет сақталады. Жарқын Жәукен мұндағы етті суық күйінде ыстау әдісімен сүрлейді. Басты талап, бөлме іші салқын әрі бірқалыпты температура болуы керек.

Жарқын Жәукен, Көкбай ауылының тұрғыны:

- Ыстаймын деп мұның ішіне жылу кіргізуге болмайды. Жылу кіргізсе, ет белгілі ғой. Бүлініп кетеді. Сондықтан бірқалыпты температурада сақтаймыз. Ұстаймыз. Ұзақ сақталады. Дәрумендері бойында. Дәмді. Сұранысқа ие деп айтуға боп тұрған қазіргі ұлттық тағамдардың бірі ғой сүр ет.

Көкбай ауылының тұрғыны көбіне жылқы мен қой етін сүрлейді. Ерекше әдіспен әзірленген етке құда түсушілер көп. «Кейде жылына 3-4 бас мал союға тура келеді», – дейді ол. 

Сәкен Медетбекұлы, Көкбай ауылының тұрғыны:

- Ауылдың адамдарымыз ғой. Етті сүрлейміз ғой. Бұл кісінің сүрлеуі бөлек, шынында да. Көкөністермен қосып, тұзы бар, несі бар. Енді мұның дәмін татып қана көруге болады. Ерекше. Ұқтыңыз ба? Оны жасырмайды да және өзінің тәртібі, өзінің дәстүрі бар.

Етті кептіргенге көктем қолайлы. Ең бастысы, күн түспейтін жерде сақтаған ләзім. Ал етті ыстағанға жеміс ағашын пайдаланады.

Жарқын Жәукен, Көкбай ауылының тұрғыны:

- Тәттіге жатады. Онша ащы емес. Мысалы үшін, опилка, қарағай. Ондайға көп ыстамаймын. Мен өзім долана, мойыл, қайың жапырақтары, қабықтары. Арша бар. Өзіміздің жергілікті жерде. Тобылғымен ыстауға болады. Ол қышқылдау болады.  

Жарқын Жәукен – ауылдағы мектептің директоры. Қолөнерге де жаны құмар. Қолы қалт еткенде елді мекеннің балаларын қайыстан таспа тілуге баулиды.

Нұрәли Сайлауғазин, оқушы:

- Менің қолымда көкпар қамшы. Бұнда бүлдіргісі болмайды. Бүлдіргісі болса, көкпар ойнағанда аттан құлаған кезде ішіне батып кетпес үшін. Ал мұның өріміне келсек, бұл алты таспа. Алты таспа болып тілінеді. Алты таспа қылып өреміз. Мынау екі түйімі.

Қазір балалар 12 таспаға дейін өре алады. Қолөнерші оқушыларға өрменің ұмыт қалған, күрделі түрлерін үйретеді.

Айбын Жұматай, шәкірті:

- Ол кісіден үйренген нәрсеміз көп. Қайысты қалай тілгені жайлы, қандай қайыстың түрлерін таңдаған дұрыс. Одан кейін қырнау жайлы. Қазір көбі қырнамай өреді. Ішіне трос салады, жіп салып өреді. Ал қырнаған қайыс ішіне трос, жіпсіз өріле береді. Мысалы, сегіз таспаның өзін төрт қырлы қылып, домалақ қылып, жалпақтың өзінің бірнеше түр қылып, ол кісі қиындатып. Кенже қалып қойған өнер ғой бұл. Ұмыт болған өрімдері бар. Ноқыра дейді, мысал үшін.

Жарқын Жәукен, Көкбай ауылының тұрғыны:

- Құйысқанды 32 таспа боп келіп тұр. Сегіз-сегізден мына жерде он алты болады да, бірге өріледі. Дәл жаясына қосылатын жерін 32 қылып жібергенбіз. 32 өрім. Сонда қазіргі балаларға не керек? Қазіргі балаларға осыны жетілдіруіміз керек. Осының күрделі түрлерін үйретуіміз керек. Ол қалып қоймауы керек.

Көкбай ауылында Қарауылдағы балалар көркем сурет мектебінің филиалы жұмыс істейді. Оған 40-қа жуық оқушы қатысады. Ал өрме қосымша сабақ ретінде оқытылады.

Авторлары: Азамат Қасым, Медет Өмірханов.