Еліміздегі балалардың 15%-і күн сайын кибербуллингке ұшырайды

Елдегі балалардың 15 проценті күн сайын кибербуллингке тап болып жатады.

Ал ғаламтордағы контенттің 11 проценті оларды күйзеліске ұшыратады. ЮНИСЕФ жүргізген зерттеулердің нәтижесі осындай. Қазір жасөспірімдер телефонға есі ауып, әлеуметтік желіні кеңінен қолданып жүр. Ал кейбірі кибершабуылдың құрбаны болып жатыр. Оның алдын алу үшін не істеу қажет?

Астаналық Марат Тайыровтың мектеп бітіргеніне 5 жылдан асты. Есімін өзгертіп көрсетуді сұраған кейіпкеріміз оқушы кездерін тіпті есіне алғысы жоқ. Кезінде сыныптастары жеке бас ақпаратын әлеуметтік желіде жариялап, оған қысым көрсеткен.

Марат Тайыров, қала тұрғыны:

- Информатика сабағы болатын. Бір күні әлеуметтік желідегі парақшамды компьютерге ұмытып, ашық қалдырып кетіппін. Менен кейін келген оқушылар ашып кірген. Менің атымнан түрлі ақпаратты жариялап «мен жындымын» деген сияқты. Қазіргі таңда да кіруге немесе өзімнің атымнан парақшаларды қолдануға дұрыс қарай алмаймын.

Бұл елдегі бір ғана баланың басындағы жағдай емес. Кибербуллингке кез келген сыныптағы оқушы ұшырауы мүмкін. ЮНИСЕФ жүргізген зерттеулерге сәйкес, елдегі балалардың 15 проценті күн сайын ғаламтордағы «жағымсыз» контенттің куәгері болып жатады. Мамандардың айтуынша, кибербуллинг әлеуметтік желілерде кездеседі. Бұл ретте жауапкершілік ата-аналарға жүктеледі.

Эльвира Яушева, UNICEF Kazakhstan қоғаммен байланыс жөніндегі бөлім басшысы:

- Қазір қазақстандық балалар интернетті белсенді қолданып жүр. Осыдан 3-4 жыл бұрын мұндай тенденция байқалмайтын. Қазір тіпті бесіктен белі шықпаған баланың ғаламторға, жалпы желіге кедергісіз қосылуға мүмкіндігі бар. Бұл ретте, киберқауіпсіздік мәселесіне қатысты жауапкершілік ата-аналарға жүктеледі. 

Балаларды психологиялық тұрғыда қолдау маңызды. Мәселен психолог Светлана Богатыреваның айтуынша, оған айына кем дегенде 10 бала кибербуллинг мәселесімен жүгінеді.

Светлана Богатырёва, отбасылық психолог:

- Мұндай жағдайларда баланың өзін-өзі тұлға ретінде қабылдауы үшін жұмсақ сөйлеп, дұрыс жұмыс істеу керек. Айналасындағы адамдардың арасында өзін емін-еркін сезінуді үйрету қажет. Ата-аналар баласымен ашық сөйлесу арқылы оның бойындағы қорқынышты анықтай алады. Оған өздері-ақ көмек бере алады.

Мәселені жауапты ведомство да қарастырып жатыр. Қазір кәмелетке толмаған балалардың, цифрлық кеңістікте кездесетін қатерлермен күресуі үшін, «Кибер Тұмар» бағдарламасы іске қосылды. Оны Оқу-ағарту министрлігі ЮНИСЕФ-пен бірлесіп жүзеге асырған. Бағдарлама, интернетті қауіпсіз пайдалану ережелерін қалыптастыруға бағытталған.

Айжан Мадиходжаева, "Кибер Тұмар" бағдарламасының авторы:

- Әр мектептің міндеті – осы «Кибер тұмардағы» ақпараттарды өздеріне енгізу. Бағдарламада инфографикалық плакаттар көп. Оларды шығарып, білім нысандарының қабырғасына іліп қоюға болады. Балаға біреу әлеуметтік желіде қоқан-лоқы жасаса, ол қандай әрекет жасауы керек, жеке бас ақпаратын қалай қорғау қажет – міне, оқушы  соның бәрінен хабардар болуы тиіс. «Кибер Тұмарға» ата-аналар да кіріп, керек ақпаратты балаларына жеткізіп отыра алады. 

Бүгінде елде мектеп жасына дейінгі 2,5 миллионға жуық бүлдіршін бар. Жеті мыңнан астам мектепте 3 миллионнан астам бала білім алады. Жауапты ведомствоның қазіргі мақсаты балаларға сапалы білім беріп қана қоймай, оларды түрлі қауіп-қатерден сақтау болып отыр. 

Альмира Оразбай, Ырыстанбек Оспанов