Ақсуатта төтенше жағдай жарияланды

Абай облысының Ақсуат ауданында жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай режимі жарияланды.

Боғас өзенінде су деңгейі көтеріліп, екі елдімекеннің бірнеше тұрғыны қауіпсіз жерге көшірілді. Кіндікті ауылынан Ақсуат ауылына 25 адам, оның ішінде 4 бала эвакуацияланды. Елдімекен тұрғындарына МИ-8 тікұшағымен азық-түлік, бірінші кезектегі қажетті заттар мен дәрі-дәрмек жеткізілді.

Қарғын су Уаң ауылы маңындағы бөгетті шайып кетті. Елдімекеннің 25 тұрғыны Жәнтікей ауылындағы орта мектептің ғимаратына орналасты. 400 бас мал ауылдың шетіне шығарылған.

Аягөз ауданында да жағдай қиын. Аягөз өзеніндегі су деңгейі 365 сантиметрге дейін көтерілген. Осыған орай Аягөз қаласының шет жағындағы 43 жеке тұрғын үйден 172 адам мектеп-интернаттың жатақханасы мен жасөсіпірімдер спорт мектебіне эвакуацияланды. Тасқынның бетін қайтару мен халықты көшіруге 140-қа тарта адам мен 40-қа жуық техника жұмылдырылған.  

Қуаныш Әбішев, Аягөз қалалық полиция бөлімінің бастығы:

- Аягөз өзенінде су деңгейінің көтерілу қаупі болуына байланысты өзен жағасында орналасқан Төлендин көшесінің тұрғындарына полиция тарапынан эвакуациялау жұмыстары жүргізілуде. Полиция тарапынан тәуліктік кезекшілік ұйымдастырылып, мүліктерінің және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету шаралары қабылдануда.