Үкімет су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсетеді

Су тасқынынан зардап шеккендерге Үкімет тарапынан барлық қажетті көмек көрсетіледі.

Батыс Қазақстан облысына барған бірінші вице-премьер қазіргі жағдаймен танысып, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді тапсырды. Роман Скляр облыс әкімі Нариман Төреғалиевпен бірге Теректі, Сырым, Қаратөбе аудандарындағы су басқан аумақтарды әуеден бақылап, Орал қаласындағы қалыптасқан ахуалды көрді. Қазіргі уақытта су тасқынынан 874 адам құтқарылды. Батыс Қазақстан облысындағы су тасқыны зардаптарын жоюға төтенше жағдайлардың жеке құрамынан бөлек, Қорғаныс және Ішкі істер министрліктерінен 1168 адам тартылды. Маңғыстау облысынан мамандар жетті. Шекара қызметінің екі тікұшағы жүр. Қазір өңірде арнайы құрылған комиссия, табиғи апат шығынын есептеп жатыр.