Ұлытауда су тасқынынан зардап шеккен отбасылардың шығыны өтеледі

Ұлытау облысында су тасқынынан зардап шеккен отбасылардың шығыны толық өтеледі.

Арнайы комиссия келген зиянның көлемін есептей бастады. Бұдан бөлек еріктілердің ұйымдастыруымен демеушілер мен қарапайым тұрғындар да жылу жинап жатыр. 10 шақты үйді су шайып кеткен Жезді кентіне Парламент Мәжілісінің депутаттары барып, жағдайды көзбен көрді. Бірнеше күн бойы жұртты әбігерге салған тасқынның қазір беті қайтқан. Өзен суы төмендеп, тұрғындар қалыпты тірлігіне көшті. Үйлері тұруға жарамсыз болған отбасыларға уақытша баспана берілді.

Гүлден Ижазинова, Жезді кентінің тұрғыны:

- Жағдайымыз осы, көріп тұрғандай. Суға кетті барлығы. Жөндеуге келмейді. Өйткені жөндегенмен үй сырость болып тұрады. Тамақтан көмектесіп жатыр. Уақытша тұруға үй берілді.

Аманжол Әлтай ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Тұруға келмейтін жаңадан салуды қажет ететін үйлер де бар екен. Жаңа көзімізбен көрдік. Кейбір үйлерде су деңгейі 1 метрге дейін көтерілген. Оның барлығы енді мына төтенше жағдай жарияланғаннан кейін әрине жаңадан үй салу керек шығар деп ойлаймын.