Қоянды ауылының халқына волонтерлер көмекке келді

Су тасқынынан зардап шеккен Ақмола облысының тұрғындарына еріктілер көмекке келді.

Студенттер мен ауылдың тыныс-тіршілігіне бей-жай қарамайтын азаматтар арықтарды тазартып, еріген қар суына қарсы құм салынған қаптан бөгеттер дайындады.

Қатира Айтқан Қоянды ауылына 2 жыл бұрын көшіп келген. Тұрғынның сөзінше, осындай жағдай жылда қайталанады. Бірер күн бұрын еріген қар суы үйінің іргетасынан асыпты.  

Қатира Айтқан, ауыл тұрғыны:

- Судың ортасында қалдық. Баламыз 3-4 күн сумен жағаласқан бүгін жұмысқа кетті. Көлдің ортасында отырмыз. Мынау акиматтың қары. Мына жолдың бәрін күреп бізге әкеп тастаған. Мұны артпағанның кеселі. Осы қарды қыста артып тастаса осындайға қалмаймыз ғой міне.

Ауыл тұрғыны Бақталант Ұлықпанұлы табиғаттың тілсіз апаттарына ешкім тосқауыл бола алмайды, дейді. 

Бақталант Ұлықпанұлы, ауыл тұрғыны:

- Бұған ешкімді кінәләй алмаймыз. Қарды тазаламады деп әкімді кінәләй алмаймыз, қарды көп жауғызды деп Алланы кінәләй алмаймыз. Болған нәрсеге осылай қолымыздан келгенін істеп жатырмыз. Таңмен таласа тұрып, қай жерді су алып жатыр соған кішкене қол-ұшымызды созып жатырмыз.

Даладағы қар суы өз алдына, ауыл ішіндегі қардың толық шығарылмағаны бірден көзге түсті. Жергілікті әкімдік үйілген қарды тек ақпан айында шығара бастадық дейді. Бұған себеп тиісті қаражаттың уақтылы бөлінбеуі. Биыл қар шығару жұмыстарына 55 млн теңге бөлініпті. Алайда, бұл қаржы жеткіліксіз. Әрі биыл жауын-шашын өткен жылға қарағанда екі есе көп түсті,- дейді ауыл әкімі.  

Бақытхан Солтанбай, Қоянды ауылының әкімі:

- Біздің ауылдың бір үлкен мәселесі 180 км жол бар ішінде. Кейбір тұрғындарымыздың құрылыс нормаларын сақтамай фундаменттерін аласа құюларына байланысты ауылдың ішкі жолының 13 км асфальт, 2023 жылы 16 км асфальт салуына байланысты бұрын өтіп тұратын су жолдары асфальт орналасқаннан кейін фундаменттері тұрғындардың аласа болды. Кішкентай суға фундаменттерінен су кіріп кетіп жатқан жағдайлар болып жатыр.

Құтқару қызметі бір аптадан бері тынымсыз жұмыс істеп жатыр. Жиналған қарды шығарып, арықтарды тазартып, үйлердің ауласындағы суды соруға кіріскен. Елді мекенге 25 бірлік техника мен жеке құрамның 70 адамы жұмылдырылды. Қазіргі уақытта жағдай тұрақталды. Техниканың бір бөлігі Қажымұқан кентіне жіберілді. Бұл іске ауыл тұрғындары мен студенттер де атсалысты.  

Бақдәулет Жанділдаев, Қазақстан жастары конгресінің басшысы:

- Бұл уақытта бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығаратын кезең екенін біліп тұрмыз. Осы су алу қаупінің алдын алу үшін волонтерлар арнайы қаптарға салынған құмдарды әзірлеуде. Су басу қаупі бар үйлерді аралап ол жерден қалдық қарларды тазалау немесе арнайы арықтарды дайындау бойынша жұмыстар жүргізуде. 

Ерсұлтан Күзенбаев, ерікті:

- Біз уже екінші күн. Біз кешеден бері жұмыс жасап жатырмыз. Примерно бір күнде екі жүз қап жинап үлгіреміз. Өзіміздің белсенді жастарымыз бар. Әр түрлі қаланың ұйымдары да ат салысып жатыр. Тек қана жастар ұйымдарымен ғана шектеліп қалмай, қала әкімдігімен, ауыл әкімдіктері, бізге септігін тигісіп осы іс-шараға белсене атсалысуда.

Қояндыдан бөлек облыс аумағындағы бірқатар елдімекенді де су басу қаупі сақталып отыр. 

Олжас Боранбайұлы, аудандық мәдениет үйінің қызметкері:

- Ауданға қарасты Астрахань тас жолындағы Талапкер, Қажымұқан, Ыбырай Алтынсарин жалпы жолдағы ауылдардың бәрінде де осындай су алған мәселелер бар жоқ емес. Бірақ барынша ел болып, халық болып, мемлекет болып осыған жұмыла жұмыс жасап жатырмыз. Бірақ, аса бір қорқатындай шығын жоқ.

Күннің суытуына байланысты әзірге жағдай тұрақты. Десе де, су тасқыны қаупі әлі сейілген жоқ. Ендігі маңызды міндет еріген қар  суының Қоянды өзеніне қарай ағып кетуіне жағдай жасау дейді мамандар. 

Дильназ Тұрғазыева, Гүлнар Хасан, Мадияр Қындыбаев