Түркістан облысында шекаралық аудандар дамып жатыр

Түркістан облысында шекаралық аудандарды дамытудың кешенді жоспары бар.

Мысалы, Өзбекстанмен шектесетін Сарыағаш ауданында сол  бағдарлама нәтижелі іске асып жатыр. Әлеуметтік маңызды нысандар жаңартылды. Халықтың өсімі байқалады.

Нұрсұлтан Мұхамеджан, тілші:

- Жартытөбе ауылдық округіне қарасты 5 елді мекен де Өзбекстанмен шектеседі. Біз қазір солардың бірі - Ынтымақ ауылындамыз. Көріп тұрғандарыңыздай шекара шебіндегі үйлерді арадағы қоршау ғана бөліп тұр.

Төңкеріс, Құрама, Бостандық, Достық ауылдарында да халық тығыз орналасқан. 22 мыңнан астам тұрғын бар. Балалардың алаңсыз білім алуы үшін жеті мектеп жөндеуден өтті. Биыл тағы 600 орынға шақталған жайлы мектептің құрылысына жер телімі бөлінді. Тәжік тілінде оқытқан білім ұяларында қазақ және орыс сыныптары ашыла бастады.

Жұлдыз Әбілқасымова, мұғалім:

- Осы ауылда орыс тілі маманы жетіспей жатыр деген. Көрші район болғаннан кейін мен де келіп, сұрадым. Қандай вакансия бар деп. Осы орыс тілі маманына өтініш жіберіп, жұмысқа орналастым.

Мемлекеттік бағдарламаның шарапатын шекара шебіндегі тұратын халық сезініп отыр. Былтыр «Ауыл аманаты» жобасымен 106 адам жеңілдетілген пайызбен несие алды. Кәсібін кеңейтіп, қосымша жұмыс орнын ашқандардың бірі - Рустамбек Тұрдыбаев. Темірден түйін түйген шебердің өнімі алыс-жақын аудан қалаларда саудаға шығарылады.

Рустамбек Тұрдыбаев, кәсіпкер:

- Алдын бізде бәрі ручной болған. Әр узорға, бір гүлге 10-15 минут уақыт кететін еді. Қазір 2-3 минутта дайын болады узорымыз. Тапсырыс көп әрине. Осы Сарыағаш ауданына жұмыс істейміз көбінесе. Шымкентке де Жетісайға да жібере береміз.

Халықтың дені диқаншылықпен айналысады. Жалпы өңірде 1500 гектар суармалы алқап бар. Оның 300 гектарына жылыжай салынған. Шаруалар бір жерден бірнеше рет өнім алуға дағдыланған. Суды Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы республикалық маңызы бар «Ашинау» каналынан алады. «Алайда егістік науқаны қызғанда тіршілік нәрі бәріне бірдей жете бермейді», - дейді диқандар.

Муроджон Асабадинов, шаруа:

- 2 рет көшет өндіреміз. 2 рет егеміз. Көктемгі науқанға болгарский, огурцы ектім. Күзде тағы огурцы егеміз. Бізге су Өзбекстаннан келеді. Бір құлақтан жалпы 300 үй су ішеді. Бізге дейін жете бермейді ол. Сол себепті біз сбростан су аламыз.

4 жыл бұрын Жартытөбе ауылдық округінде 26 шақырымға асфальт төселді. Алайда әлі де ауыл арасындағы жолдар  тозып тұр. Сонымен қатар ауыз су мәселесі де өзекті. Жергілікті билік кешенді жоспар аясында тіршілік нәрі мен электр жарығын кезең-кезеңімен шешуді көздейді.

Абай Әшіров, Жартытөбе ауылдық округінің әкімі:

- Құрама елді мекенінде 200 млн теңгеден астам қаржыға су тартылып жатыр. Бүгінгі таңда 4 ауылдың пректісі дайын. 1 млрд 300 млн теңгенің үстіндегі қаржыға электр желісімен қамту және бағаналар мен трансформаторларды ауыстыру бойынша.

Биыл екі елді мекенге ауыз су құбыры тартылады. Жер асты барлау нәтижесінде Достық ауылынан ұңғыма қазылмақ. Жергілікті билік өкілдерінің айтуынша бұл жұмыстарға бюджеттен 1 миллиард 300 миллион теңге қаралған. Сонымен қатар жыл соңына дейін «Ауыл - ел бесігі» бағдарламасы аясында салынған заманауи спорт кешені пайдалануға берілмек.

Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов