Депутаттар БҚО-дағы ауылдарды аралады

Батыс Қазақстан облысында 6 облыстық және 15 аудандық маңыздағы жолдарды су басып, 11 елді мекенде көлік қатынасы үзілді, деп хабарлайды 24KZ.

Оның 8-і Қаратөбе ауданында болса, Сырым ауданында Қызылағаш, Теректіде Дуана, Шыңғырлауда Ақтау ауылының тұрғындары қарғын судың ортасында қалды. Теректі ауданындағы Аңқаты ауылында 55 үйді су алды. Тұрғындардың кейбірі тума-туыстарын паналаса, 35 адам эвакуациялық пунктте орналасты. 

Парламент Мәжілісінің депутаттары Нартай Сәрсенғалиев пен Сергей Пономарев су басқан ауылдарды аралап, тұрғындармен тілдесті. Дүние-мүліктің шығынын өтейтін кезде арнайы комиссия мүшелері құжат талап етпей-ақ, жағдайға қарай әрекет ету керек, – дейді олар. Суда қалған үйлердің біразы 2008 жылы «Балық цехы» ауылынан көшірілгендерге арналған жаңа үйлер екен. Су жолына үй салғандардың жауапкершілігін де қараймыз, – дейді депутаттар.

Самал Ниязова, Аңқаты ауылының тұрғыны:

- Жаңа үйлер, бірақ та су кететін жерге салынған. Ауылға толық су кірмегенмен, осы жерге толып кетті. 2011 жылы да кіреберіске кірді. Онда да қайықпен шығарған еді. Қазір диванға дейін қөтеріліп кетті. Бүкіл мүлік, бәрі қалды, басымыз аман.

Нартай Сәрсенғалиев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Ертең азаматтарға келтірілген шығынды қайтарған кезде құрылысты салған және рұқсат берген, қабылдаған азаматтарға қатысты тергеу жүргізілетін болады деп ойлаймын. Бірінші көтеретін мәселе. Екінші, қаншама тұрмыстық техника кеткен.