12 қылмысқа қатысы бар. Қылмыстық топ ұсталды

Қарағандыда қылмыстық топ мүшелері ұсталды. Олар адамдарды ұрып-соғып, ақша бопсалаумен, мүлікті күштеп тартып алумен айналысқан.

Қазір оңай олжаға ауызданғандардың 25-і анықталып, 10 адам қамалды. Тінту барысында қару, оқ-дәрі, діни әдебиет пен аса ірі көлемде қаражат табылды.

Қазір басқа да қылмысқа қатысы бар-жоғы тексерілуде. Бұл жайлы Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі мәлімдеді.

Шыңғыс Алекешев, ҚР ІІМ ресми өкілі:

- Қарағанды облысында ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының жедел уәкілдері прокуратурамен бірлесіп, қылмыстық топтың әрекетіне тосқауыл қойды. Жедел іздестіру іс-шаралары барысында осы топтың 12 қылмысқа қатысы бары анықталды. Жәбірленушілер ҚарметАҚ қызметкерлері, жеке кәсіпкерлер және жоғары оқу орындарының студенттері. Күдіктілер қоғамдық тәртіпті өрескел бұза отырып, қылмыс жасаған.