Түрлі елдің тиынын жинаған нумизмат

Қызылордада тоқсаннан астам елдің метал, пластик және қағаз ақшасын жинап жүрген нумизмат тұрады.

Ғалым Ыбыраев коллекция жинауды 16 жыл бұрын бастаған. Ол өзге де құнды жәдігерлерді сақтап жүр. Соның бірі – 14-15-ғасырдағы Алтын Орда мемлекетінің тиыны.

Ғалым Ыбраевтың қоржынында Еуропа, Азия, Африка, Америка, Австралияның ескі ақшалары бар. Бұл валюта түрлерін ол таныстары мен туыстарынан, қарапайым қала тұрғындарынан алған. Оның қатарында 18-19-ғасырдағы патшалық дәуірдің монеталары да кездеседі. Ал ең құндысы -14-15 ғасырдағы Алтын Орда мемлекетінің тиыны.

Ғалым Ыбраев, нумизмат:

- Алтын Орданың ақшасы менде бар. Ол ескілеу. Оны тазалауға қорқамын. Неге? Сыртқы суреті өшуі мүмкін. Сондықтан үйде сақтап отырмын. Оны Мәскеу немесе Астанадағы лобораторияда тазалау керек, ол ақша әрине. Университетте археолог бар бізде. Алтын Орда монетасы екенін көргенде айтты.

Ғалым Ыбраев Қызылордадағы жоғарғы оқу орындарының бірінде оқытушы. Ол жастармен кездесуде түрлі валютаны таныстырып қана қоймай, сол мемлекеттердің тарихы туралы да білгенімен бөліседі. Бұл ретте Сыр өңіріндегі көне қалалардың тыныс-тіршілігі де ерекше маңызға ие. Ғасырлар қойнауында төрт астананың төрі болған өлкеден құнды қарабақыр көптеп табылатынын тарихшылар растап отыр.

Дастан Сәтбай, тарих ғылымдарының докторы:

- Сығанақтың өзінде монетный двор болған, ақша шығаратын жерлер. Сондай-ақ мынау Алтын Орданың өзінде де болған. Бір қызығы тек сол қалалардың орнынан емес, сол әрбір елді мекендерден, жол жөнекей табылып жатқан монеталар кездеседі. Ал Сыр өңірінің алатын орны ортағасырлық мемлекеттерде өте зор. Алтын орда болсын, Ақ Орда болсын қашанда интеграция аймағы болған, тоғыз жолдың торабында орналасқан. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстарды жалғастыруымыз керек.  

Сырбойылық нумизматта пластиктен жасалған Малайзияның – ринггиті, Румынияның – лейі, Сингапурдың доллары да бар. Мұндай материал ұзақ жыл бойы тозбайды және жалған валюта жасау мүмкін емес екен. Әлем ақшалары туралы жиған деректерді алдағы уақытта бір жинаққа топтастырып, кітап шығару ойымда бар, - дейді ұстаз.

Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин, Айтмұхамбет Байділдаев, «24.KZ», Қызылорда облысы