Шымкентте парақор мемлекеттік қызметкерлер сотталды

Шымкентте аса ірі көлемде пара алған мемлекеттік қызметкерлер сотталды, деп хабарлайды 24KZ.

Аудан әкімінің орынбасары мен әкімдіктің бас маманы халық қаржысына қол салған. Олар тендер жариялап, жұмыстарды орындау кезінде кәсіпкердің кей кемшіліктеріне көз жұма қараған. Сол қамқорлығы үшін 60 млн теңге заңсыз сыйақы алған. Олардың құйтырқы амалына мердігер ұйымның өкілі де көмектескен. Кеше арам ақшаға ауызданғандарға қатысты үкім шықты. Ауданаралық сот айыптыларды 11, 10, 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру туралы шешім қабылдады. 

Бекмұрат Төлебаев, Шымкент қаласы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басқармасының басшысы:

- Бұрынғы мемлекеттік қызметкерлер мегаполисті абаттандыру жұмыстарын орындау кезінде кәсіпкердің заңбұзушылықтарына байқамаған сыңай танытқан. Бұл қамқорлықтары үшін 60 млн теңге пара алған. Сондай-ақ зираттарды күтіп ұстауға бөлінген 28 млн теңге сомасында бюджет қаражатын ұрлау фактісі бойынша кінәлі деп танылды. Олар өмір бойы мемлекеттік қызметке орналасу құқығынан айырылды.