Тасқыннан зардап шеккен өңірлерге гуманитарлық көмек жиналды

Тасқын судан зардап шеккен өңірлерге ақтаулық еріктілер жылы киім, азық-түлік пен төсек-орын жинап жатыр, деп хабарлайды 24KZ. Олар күнделікті сауда орындарын аралап, жомарт жүрек кәсіпкерлер тегін берген заттарды облыстық жастар ресустық орталығына жеткізіп жатыр. Сол жерде сұрыптап, қорап немесе қапшыққа салады. Жалпы салмағы екі тоннадан асатын гуманитарлық көмек таяу күндері көрші облыстарға теміржолмен жіберіледі. Қала халқы да сауапты істен қалыс қалмай, жүк қабылдау пунктіне гигиеналық бұйымдар мен таза киімдерді әкеліп жатыр.

Гүлмира Бұрхандинова, облыстық Жастар ресурстық орталығының басшысы:

- Пункт әзірге тоқтаусыз жұмыс жасайды. Республикалық чатымыз бар, яғни біз сияқты жастар орталығы бар басқа да өңірлер бар. Біз олармен тікелей байланыстамыз. Қандай заттар керек екендігі сол чатта айтылып жатыр. Бұл жерде жаңа туған перзенттен бастап үлкен адамға дейін арналған киімдер тапсырылып жатыр. Аяқ киім, әртүрлі сөмкелер, канцтауарларды да біз қабылдап жатырмыз.