ШҚО-да жол қатынасы қиындады

Шығыс Қазақстан мен Абай облысын басып өтетін Омбы-Майқапшағай автожылының бір бөлігін су шайып кетті, деп хабарлайды 24KZ.

Бұл Зайсан, Тарбағатай ауданы мен облыс орталығы арасындағы көлік қатынасын бірден қиындатып жіберді. Самар ауданында да ауыларалық жолды қарғын су басып, Қараөткел елді мекені орталықтан ажырап қалды.

Бұл – Омбы-Майқапшағай күрежолының Шығыс Қазақстан мен Абай облысы шекарасында түйіскен тұсы. Онсыз да талай жылдан бері салынып бітпей жатқан трассаны қарғын су опырып өткен. Өскемен-Семей жаққа сапарлаған бірнеше жолаушы осы жерге жеткенімен, кері қайтуға мәжбүр болды. Мамандардың айтуынша, бұл бөлікте жол құрылысы жалғасып жатыр, сондықтан әлі көпір мен суағар салынбапты. Ол шаруа алдағы жазға жоспарланған.

Нұрбек Темірханов, «ҚазАвтоЖол» ҰК ШҚО филиалының директоры:

- Алтыншы учаскеде Қалбатау-Майқапшағай жолында осындай су тасқыны қайталанбас үшін жобамен 13 көпір салу қарастырылған. Жылдың аяғына дейін осы 13 көпірді бітіру жоспарланып отыр.

Бұл трасса болмаса, Зайсан, Тарбағатай жұрты Өскеменге жету үшін мың шақырым айналма жолмен жүруге мәжбүр. Сондықтан жұмысшылар жолдың опырылған жерін 4 күн бойы жөндеп, қазір қатынасты ашты. Еріген қар суы Самар ауданын да әуреге салды. Бұл жақта автожолды су басып, 150 адам тұратын Қараөткел ауылы орталықтан ажырап қалды. Елді мекенге төнген қауіпті сейілту мақсатында жолды қазып, арық жасап, су бағытын бұруға тура келді. Жалпы өзге де күрежолдарды қарғын су шаймас үшін инертті материал төселіп, бекіту жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Еркін Даумов, ШҚО «ҚАЖсервис» мемлекеттік мекемесінің директоры:

- Су тасқынына қарсы іс- шаралар жүргізіліп жатыр. 75 бірлік арнайы техника, 150 адам шоғырланған. Қазір Өскемен-Семей республикалық маңызы бар автожолдарға 52-ші шақырымда тұрмыз, су тасқынына қарсы іс-шаралар жүргізіліп жатыр.

Ержан Аязбаев, «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» ШҚО филиалының директоры:

- Тасқын қаупі төніп тұрған осындай кездері жолдарға шығып, мониторинг жасап жүрміз. Су басып, жүруге жарамсыз болған жағдайда жауапты мердігер компанияға немесе тапсырыс берушілерге хабар береміз. Олардың жұмыс сапасын қадағалаймыз.

Аймақта, тау-қыратта қар әлі сіресіп жатыр. Демек салғырттық танытуға  болмайды. Көктемгі тасқын қаупіне орай республикалық маңыздағы жолдарды бақылау үшін 5 бригада құрылды. Олар кез келген апаттық жағдайды уақытылы жоюға атсалыспақ.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов.