Қарағанды облысында 28 елді мекенге тасқыннан қауіп бар

Қарағанды облысында 28 елді мекенге су тасқынының қаупі төніп тұр, деп хабарлайды 24KZ.

Өңірдің солтүстік аумағында жатқан қардың жартысына жуығының көбесі сөгілмеген. Облыстағы Шет ауданында төтенше жағдай жарияланды. Мұнда 40-тан астам үйді су басқан. Ауа райы күрт жылынса, қарғын судың екінші толқыны жүруі мүмкін. Сондықтан қауіпті саналатын ауылдарға қосымша күштік құрылымдар жіберілген.

Шет ауданының Ақсу ауылында 24 үйді су басқан. Ең қатты зақымданған Жұмажановтар отбасының баспанасы. Қабырғасы қақыраған үй енді тұруға келмейді. Кез келген сәтте ортасынан опырылып түсуі мүмкін.

Орынбек Жұмажан, Ақсу ауылының тұрғыны:

- Мына үйдің жағдайын көріңіздер қандай болғанын. Әкімдікке айттық. Олар: «баспана жасап береміз, уайымдамаңыз», – деді. Ана үйге, мына үйге барам. Әйтеуір ауылдастарға рақмет.

Облыс бойынша Шет ауданында жергілікті деңгейдегі төтенше жағдай жарияланған. Себебі ауданға қарасты 4 ауылды қарғын су басты. 43 үйге жарты метрге дейін су кірген. Жылдағыдан екі есе көп келген тасқын көктемге дайындық кезінде тұрғызылған жалдар мен бөгеттердің тас-талқанын шығарған. Уақытша қауіпсіз жерге көшірілген 300-ге жуық тұрғын  қазір біртіндеп үйлеріне орала бастады. Жергілікті билік шығын көлемін есептеп жатыр.

Мұхит Мұхтаров, Шет ауданының әкімі:

- Мал шығынын қараймыз, зақымданған үйлер бар. «Бәрі есептеледі, барлығы қаралады», – деді. Сомасын шығарамыз. Бағалау жүреді. Болған соң ақша көздері болады.

Өңірде су тасқынының екінші толқыны күтіліп отыр. Солтүстік аудандарда әлі қардың жартысы жатыр. Абай, Бұқар жырау, Осакаров, Нұра аудандарында өзен бойындағы 28 елді мекенге қарғын судан қауіп бар. Қазір бұл аумақтарда гидротехникалық нысандар бақылауға алынып, арналарға қаптар төсеу, жалдар тұрғызу жұмыстарына күш салынған.

Мұрат Қатпанов, облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы:

- Екінші толқын деп жатырмыз ғой, ол мүмкін әсері қатты болмайтын да шығар. Дегенмен қалған суларды күту керек. Жаңағы елді мекендердің басына біз қосымша күштік құрылымдарды жіберген болатынбыз. Қазіргі кезде сол жерлерде тәулік бойы кезекте тұр.

Қазір облыстағы Шерубай-Нұра, Ынтымақ, Самарқанд сынды үлкен су қоймаларында жағдай тұрақты. Елді мекендерде күштік құрылымдар мен жергілікті атқарушы органдардың 1 мыңнан астам адамы мен 150 техникасы тәулік бойы кезекшілік атқарып жатыр.

Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Зарина Зұлпыхар.