«Жарқын болашақ» бағдарламасының игілігі

«ҚазМұнайГаздың» «Жарқын болашақ» бағдарламасы өз жемісін бере бастады.

Компания бүгінде білімге инвестиция құйып, жүздеген маңғыстаулық баланың еліміздің үздік мектептерінде білім алуына жағдай жасаған. Бағдарлама игілігін өндірісте қызмет ететін жұмысшылармен қатар, Маңғыстау облысының әлеуметтік аз қамтылған отбасыларының балалары да көріп отыр.

«Жарқын болашақ» бағдарламасының игілігін көріп жүргендердің бірі жаңаөзендік - Айгүл Жалғасбаева. Ол Айқанат мектебінде біліммен қатар, жан жақты тәрбие алуда. Түрлі жобаларға қатысып, өзінің қағаз өңдеу жобасын болашақта дамытып, жүзеге асырғысы келді.

Айгүл Жалғасбаева, «Жарқын болашақ» бағдарламасының қатысушысы:

- Біз «Жарқын болашақ» бағдарламасы арқылы Қазмұнайгаздың қолдауымен осында білім алып жатырмыз. Мен осында келгелі көп айырмашылықтарды бірден байқадым. Айқанат Америкалық үлгіге салынған. Мұнда түрлі жобаларды қолға ала бастадым. 

«Жарқын болашақ» білім беру бағдарламасы «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының Басқарма төрағасы  Мағзұм Мырзағалиевтың бастамасымен іске асырылғанын айта кету керек. Бүгінде маңғыстаулық 449 бала осы  бағдарламамен еліміздің ең үздік оқу орындарында білім алып жатыр. Олардың ішінде 100 бала осы Бурабайдағы «Iqanat» мектебінде оқиды. Олардың білім алуынан бастап, тамағы мен жатын орыны, жол ақысына дейін «ҚазМұнайГаз» қаржыландырады.

Алмас  Несіпбай, IQanat High School of Burabay жоба жетекшісі:

- Мұнда ағылшын тілі тереңдетіліп оқытылады. Шетелдік университеттерге түсуге көп жағдай жасалады. Үлгерімі өте жоғары. Бізде айлтс тесті бойынша жоғарғы 8 бал алған оқушылар бар. Қазіргі таңда бізде «Жарқын болашақ» бағдарламасымен «ҚазМұнайГаз» компаниясының қолдауымен 100 оқушы оқып жатыр.

«ҚазМұнайГаз» компаниясы өзінің өндірістік кәсіпорындары бар өңірдегі тұрғындарға жүйелі түрде әлеуметтік қолдау көрсетіп келеді.  Бұл үрдісті жалғастыра бермек. Келесі оқу жылында «Жарқын болашақ» бағдарламасы бойынша білім гранттарының санын тағы 600 орынға арттыруды көздеп отыр. Жалпы 1 мыңнан астам оқушыға елімізде элиталық білім беруге мүмкіндік жасамақ.

Авторлары: Айнұр Қуатқызы, Арман Ақшабаев