«Қулықтарына құрық бойламайды». Спорт саласындағы жемқорлық

Биыл Қазақстанда спорт саласы бойынша 39 сыбайлас жемқорлық дерегі тіркелген.

Қылмысқа қатысты бірқатар шенеунік жауапқа тартылды. Соның ішінде бұрынғы вице-министр, спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы мен спортты дамыту дирекциясының басшысы да бар.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметі жауапты органдардың қаражатты тиімсіз жұмсайтынын айтты.

Кейінгі 6 жылда бұл саланың бюджеті 2 есе өсіп, 1,5 трлн теңгеге жуықтады. Оның 90 проценті, жоғары жетістіктер спортына бағытталған. Содан артылғаны ғана, бұқаралық спортты дамытуға жұмсалады, дейді мамандар.

Асхат Жұмағали, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы:

- Бұқаралық спорт саласында жан басына қаржыландыру жүйесі қолданылады. Ол бойынша цифрландыру жұмыстары жүргізілді. Өз кезегінде жемқорлық тәуекелдерін азайттық, Ал элиталық спортта жағдай басқаша. Бұл салада бақылау жоқтың қасы. Сондықтан шенеуніктердің "майлы шелпегіне" айналған. Олар қулық, айла-шарғының сан түрін қолданып жатыр.

Жиында өзге елдің спортшыларына азаматтық беру, кәсіби клубтарды қаржыландыру және легионерлер мәселесі талқыланды. Сала шенеуніктері отандық чемпиондарды дайындаудың орнына, шетелдік спортшыларға арқа сүйеуге басымдық бергені байқалады. Президенттің бюджет пен жалақы мөлшерін шектеу туралы тапсырмасына қарамастан кәсіби футбол клубтары соңғы үш жылда 30 млрд теңге артық үстемақы төлеген.