Осы жұрт Үгедейді біле ме екен?

Сәуірдің алғашқы жексенбісі – геолог күні. Қазақ геологиясының басында есімі академик Қаныш Сәтбаевпен қатар аталуға тиіс тұлғалар бар.

Әлихан Бөкейханның ұлы Үгедей Бөкейханның да қазақтың алғашқы геологтарының бірі әрі бірегейі екенін кейінгі ұрпақ біле бермеуі мүмкін. Бүгінгі әңгіме сол турасында болмақ.

Қылышынан қан тамған Кеңес заманы көп адамның тағдырын талқан етті. Алаш қайраткерлері де, олардың ұрпақтары да қуғындалды. Туған жерінің топырағы бұйырмаған жан қанша? Солардың арасында Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның ұлы Үдегей де бар.

Сұлтан-хан Аққұлы, ЕҰУ "Алаш" ғылыми-зерттеу институтының директоры, алаштанушы ғалым:

- Ол қазақтан шыққан тұңғыш барлаушы-геолог. Осыны ұмытпайық. Ол 1920 жылдардың ортасында Мәскеудегі тау-кен институтын барлаушы-геолог ретінде аяқтаған бірден-бір маман деп айта аламыз. Ол кезінде қазақтан шыққан тұңғыш дипломант Нәзір Төреқұлұлының көмегімен Мәскеудегі главцветмет басқармасына жұмысқа орналасады.

1934 жылы Мәскеудегі КСРО Ғылым академиясы бюросы алдында Жезқазған өңірінде жер астында мыс қорының қандай қатпарда жатқандығын, қанша мыс қорының сақталғаны жайында арнайы баяндама жасаған алғашқы қазақ – Үгедей Әлиханұлы Бөкейхан.

Айгүл Ісмақова, Назарбаев университетінің профессоры:

- Үлкен ғылыми зерттеудің басында болып, сол Жезқазғандағы түрлі-түсті металдарды ашып, зерттеп, оны өндіріске шығару түрлерін анықтаған Жезқазғандағы бас инженерлік жұмыстарды атқарған Үгедей Әлиханұлы. 1937 жылы Әлихан Бөкейханұлы Мәскеуде атылғандықтан Үгедей бұл жұмыстан алыстатылып, бұл жұмысты Қаныш Имантайұлы Сәтбаев басқарды.

Бас барлаушы-геолог Үгедейдің тағы бір есімі – Өктай. Әкесі Әлихан Бөкейхан халық жауы деген нақақ айыппен ату жазасына кесілгендіктен Өктайды Қазақстаннан шығарып жібереді. Ресей жерінде еңбек еткен Өктай Әлиханұлы өз қызметін атқара жүріп, сол жердің табиғат байлықтарын іздеп-тауып, соларды игеруге мұрындық болады. Геология саласына көп еңбегі сіңді. Бірақ оның ісін кеңес өкіметі қасақана есепке алмады. Қазір де Үгедей-Өктайды былайғы жұрт білмейді. 

Сұлтан-хан Аққұлы, ЕҰУ "Алаш" ғылыми-зерттеу институтының директоры, алаштанушы ғалым:

- Өктайды ұлықтауға елімізде ешқандай іс-шара жасалған жоқ. Оның еңбектерін ешкім жинаған жоқ. Оның атқарған осы Қазақстанның жер байлығын сонау баста бастап берген зор еңбегі еш жерде еленген жоқ. Ол туралы ешкім жазған да жоқ.

Айгүл Ісмақова, Назарбаев университетінің профессоры:

- Әлиханның ұлына – Үгедейге қорған болған Қаныш Имантайұлы Сатбаевтың кісілігін, адамдығын, ғалымдығын осы ретте тағы бір есте сақтауымыз керек. Сондай қиын заманда Қаныштың өзіне қауіпті болды. Әлиханның баласына – жалғыз ұлына қорған болып, қасына қызметтес болуды. Сол Қаныштың қамқорлығымен үлкен ғылыми ортада басты баяндама жасаған Үгедей Әлиханұлы болған.

Үгедейдің жасаған баяндамасы 1934 жылғы «Большой Жезказган» жинағында жарық көрген. Үгедей туралы басқа мәлімет жоқтың-қасы. Білеріміз ол – Алаштың басын қосамын деп өз басын оққа тіккен Әлихан Бөкейханның жалғыз ұлы. Солақай саясаттың кесірінен есімін әкесі халық жауы атанған соң, Сергей деп өзгерткен. Қазір Сергей Бөкейхановтың ұрпағы Ресей жерінде тұрады. Ал біз айтып отырған осы Үгейдей 1957 жылы 1 желтоқсанда жат жерде құсадан қайтыс болады.

Асантемір Қаршығаұлы, Арман Ақшабаев, 24.KZ