Жайыққа рекордтық мөлшерде су жіберілді

Батыс Қазақстан облысында су тасқыны бәсеңдер емес.

Елек өзені тасуына байланысты кеше Бөрлі ауданы Димитров, Қарашығанақ ауылдарынан, қариялар мен ауру сырқаулы жандар, балалар эвакуацияланды. Ал Ресейдің Орынбор облысында орналасқан Ирикла су қоймасынан кешелі-бері Жайыққа рекордтық деңгейде су жіберіліп жатыр. Кеше күндіз дарияға секундына 1600 текше метр су түссе, кешкісін 2150 текше метрге жетіпті. Бұған дейін ең су көп жіберілген 1994 жылы бұл көрсеткіш 1300 текше метрден аспаған екен. Салыстырмалы түрде айтсақ, жаз айларында су қоймасынан өзенге небәрі 15 текше метр су түседі. Орал қалалық әкімдігі Жайықтың жайылмасында орналасқан үйлер мен саяжай тұрғындарына қазірдің өзінде қауіпсіз жерге көшу керектігін ескертеді. «Бөрлі, Теректі, Бәйтерек, Ақжайық аудандарында да өзен бойындағы елді мекендерге қатер бар», - дейді мамандар.

Рауан Құсайынов, «Қазсушар» РМК БҚО филиалының директоры:

- Сақмар өзені оның бәрі Жайыққа құяды. Бәрі үлкен өзен саналады. Елек, Шыңғырлау өзендері. Қазір Жайықтың өзінің суынан бөлек, Жайыққа құятын өзендердің тасқын сулары келіп жатыр. Қазір РФ Орынбор облысында Елек өзені бойында үлкен тасқын су өтіп жатыр. Ирикладан Оралға жету мерзімі шамамен 20-25 күнді құрайды.