Алматыда оқушылар арасында пікірсайыс өтті

«Болашақ бүгіннен басталады». Алматыда жоғары сынып оқушылары мен колледж студенттері арасында пікірсайыс өтті.

Қала бойынша іріктелген 10 команда Алматы мемлекеттік энергетика және электронды технологиялар колледжі ғимаратында үздікті анықтады. Олар жастардың мәдени сауаттылығын арттыру, техникалық және кәсіптік білім беруді күшейту секілді тақырыптарда сөз жарыстырды. Мемлекеттің дамуы туралы білімін жетілдіріп, патриотизм жайында ойларын ортаға салды. Жүзден жүйрік шыққан команда диплом, бағалы сыйлықпен марапатталды.

Жұлдыз Құрманәлі, Алматы мемлекеттік энергетика және электронды технологиялар колледжі директорының орынбасары:

- Бұл дебатты ұйымдастыруымыздың тағы бір мақсаты – ол профориентациялық жұмыстар болып тұр. Себебі мектептен бізге оқушылар келіп, осы дебатқа қатыса отырып олар осы колледжді көреді және болашақта тоғызыншы сыныпты бітіргеннен кейін бізге оқуға түсуге мүмкіндіктері бар.